Түркістан облысында кіші Шаян өзені ауылға қауіп төндіріп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында кіші Шаян өзені ауылға қауіп төндіріп тұр

21.02.2022

Түркістан облысында кіші Шаян өзенінің арнасы өзгеріп, іргедегі ауылға қауіп төндіріп тұр. Жағалаудағы жарқабақтар құлай-құлай облыстық маңыздағы автокөлік жолы мен электр бағаналарының іргесіне жеткен. Елді мекенде жерасты суы да тартылып барады.

Таудан бастау алып, арқырай ағатын кіші Шаян іргедегі Ағыбет ауылы үшін тажалға айналды. Айналдырған 5-6 жылдың ішінде арна 100-150 метрге жылжып кетті. Жұрт биыл көктемде тағы да тасқын болса өзен үстіне салынған көпір мен жағалаудағы электр бағаналары су астында қала ма деп қауіптенеді.

Бидалы Кемелбеков, ауыл тұрғыны:

Көпір құлауға айналды. Бұл көпір құлайтын болса ауыл балаларының мектепке қатынауы қиындап, ауылды айналып 4-5 шақырым айналып келуге мәжбүр.

Кіші Шаян - ауыл халқының мал суарып, өздері де өзегін жалғап отырған арна. Бұрындары жағасынан еңкейіп қана суды іліп алатын өзеннің табаны бүгінде 2-3 метрге дейін төмендеп кеткен. Айнала жарқабақ.

Сейдалы Әмірбеков, ауыл биі:

Зияны сол мына жерден түсе алмаймыз ғой. Мал су ішу керек. Халық сол жерден су алу керек. Мынадан қайтіп түседі. Екі метр жардан.

Өзен арнасының төмендеуі жер асты суының деңгейін де төмендетіп жіберді. Салдарынан ауылдағы құдықтар тартылып, кейбірі тіпті қаңсып қалды. Тереңнен тартқан судың өзі кермек әрі лай.

Бағдәулет Білісбеков, ауыл тұрғыны:

300 мың теңгеге құдық қаздырып ек қазір малға ғана беріп жатырмыз. Ішсек тұздың, лайдың дәмі шығады.

Қауіптің алдан алу үшін жергілікті билік өзен жағалауын бетонмен қаптау ісін зерделеп көрді. Бірақ бұл жұмыс тым қымбатқа түсетін түрі бар. Сондықтан арнаны өзгертпей, су деңгейін көтеру жобасы әзірленіп, мақұлданды.

Жасұлан Оразханұлы, Ағыбет ауыл округінің әкімі:

Кіші Шаян өзенінің ұзындығы 4 шақырымға жуықтайды. Соның әр 300 метр жеріне бөгет қойылады. Сол арқылы жоғары жылдамдықпен келе жатқан тастар сол жерге жинақталып, су деңгейі көтеріледі.

Бұл жұмысқа бас-аяғы 30 миллион теңге қаржы қажет. Құрылыстың жобалау құжаттары дайындалып, мәслихат депутаттарының қарауына ұсынылды. Алдағы сессияда жоба мақұлданса, құрылыс жазға салым басталмақ.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу