«Ауыл-ел бесігі» аясында ауылдарға кітапхана мен мәдениет ошақтары салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ауыл-ел бесігі» аясында ауылдарға кітапхана мен мәдениет ошақтары салынады

14.02.2022

«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасының аясында Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы ауылдардың ажары кіріп, елдің тұрмысы түзелді. Ауыл аймақтардағы жолдар жөнделіп, тозған электр желілері жаңартылуда. Сондай-ақ жаңадан берілген жер телімдеріне инфрақұрылым жүйелері тартылғандықтан елге шаңырақ қосылып, іргесі кеңейген.

Ақжардағы ирелеңдеген сұрықсыз көшелердің келбеті өзгерді. Қыста батпақ, жазда топырағы бұрқылдап жататын жолдарға тақтайдай тегіс асфальт төселді. Қос қапталына жарық бағаналары орнатылып, аяқжолдар салынды. Жол бойына тұрғындардың демалып, тыныстайтын орындары да жасалған.

Мұрат Қайырбеков, ауыл тұрғыны:
Лай-лай еді. Мына көшемен жүре алмайтын еді. Енді асфальт болғалы жақсы болды. Тура барып, тура келеміз. Мына жақ түгел шағал жол еді ғой.

Былтыр Дарбаза мен Ақжар ауылдарында ұзындығы 17 шақырым болатын 12 көше жөнделді. Сондай-ақ жаңа мөлтекаудандарға электр желілерін жүргізудің нәтижесінде 400-ден астам отбасы енші алып, баспана салуына мүмкіндік туды. Қазір Дербісек ауылындағы осындай 16 көшеге электр желісі тартылуда. Құрылыс аяқталған соң 170 тұрғын үй сапалы электр энергиясымен қамтылады.

Сондай-ақ «Ауыл-ел бесігінің» шарапатымен «Атамекен ауылына табиғи газ желісі тартылды. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары атажұртқа қоныс аударған мұндағы қандастырымыз бүгінде көгілдір отынның игілігін көруде.

Назерке Қалыбекова, ауыл тұрғыны:
Қаладан кем емес, барлық нәрсеміз бар. Суымыз да, газымыз да бар. Мектебіміз салынып жатыр. Біреу еді, екеу болды. Садик те көбейіп жатыр. Балалаларымызды қалағанымызға береміз.

Сарыағаш ауданы былтыр бағдарлама аясында 800 миллион теңгенің жұмысы істелінді. Бұл бастама биыл да жалғасын табады. Аймақта инфрақұрылыман бөлек ауылдарға кітапхана мен мәдениет үйін салу жоспарланған.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу