«Болашақ» бағдарламасының болашағы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Болашақ» бағдарламасының болашағы қандай?

30.01.2022

Президенттің «Болашақ» бағдарламасы аясында Ресейде техникалық мамандықтар бойынша оқытуға бұрыламыз деген сипатта сөйлегені мәлім. «Ресейі несі, олардағы оқу орындары үздіктер қатарында емес» деген бір жақ бар. Бұл жұмсартып айтқанда. Дегенмен «Дұрыс, оларда жап-жақсы оқу орындары аз емес» дейтіндер де бар. Алғашқыларды тітіркендіретіні - Ресейдің әсіресе соңғы онжылдықтағы агрессивті саясаты, Қырымды басып алуы, Украинаға байланысты ұстанымы және қит етсе біздің ішкі мәселелерге араласып, имперлік пікір білдіретіндері, тағысын тағы.

Екіншілері ұқсас экономиканы, орыс тілін білетіндіктен тіл бойынша проблема жоғын айтады. Бұл бір күнде біте салатын айтыс емес.

Техникалық мамандықтар бойынша қайда барып оқу керек? – деген мәселенің өте маңызды өзге қырлары бар. Данияр Қайыртай талдап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлаймыз. Жастарды техникалық жоғары оқу орындарына жібереміз, оның ішінде Ресейге де. Бәлкім бірінші кезекте - Ресейге.

Қуаныш Ерғалиев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

Бірақ бұл деген сөз тек қана Ресейге барады деген мағынаға келмейді. 27 мемлекет бар тізімде. Біз осы тізімді жыл сайын кеңейтуге арналған жұмыстар жасап жатырмыз.

Қанат Өксікбаев, талапкерлерге арналған JOO.KZ платформасын құрушы:

«Болашақ» бағдарламасының бағытын сол жаққа бұрмасақ та жыл сайын 10-15 мың талапкер Ресей университеттеріне түседі.

Ғизат Маханов, Edunavigator.kz жобасының жетекшісі:

Біз Қазақстан азаматтарын жіберген кезде шет елге ол тек білім алып келсін демейміз, сол елдердің менталитетін де өзіне сіңіріп, соны жұмыста қолдансын деген де ой бар.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша 27 мемлекеттегі 200-ден астам оқу орнында білім алуға болатын. Президент тапсырмасынан соң ол тізім Ресейдің төрт техникалық университетімен толықты. Ол – Н.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті, «MИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті және Мәскеу физика-техникалық институты. Ал М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті тізімде бұрыннан бар.

Қуаныш Ерғалиев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

Ресей университеттері қосымша кіреді. Ал қалғандары, 200-ден астам ЖОО, дүниежүзінің үздік университеттері Гарвард сияқты, Кембридж, Оксфорд сияқты университеттер тізімде қалады, ешқандай өзгеріс болмайды ол жағынан.

Жақын арада бұл тізімге Ресейдің «МИСиС» Ұлттық зерттеу техникалық университеті мен ИТМО Ұлттық зерттеу университеті енуі мүмкін. Яғни техникалық білімін жетілдіргісі келетін талапкерлердің таңдау мүмкіндігі артады дейді вице-министр.

Қанат Өксікбаев, талапкерлерге арналған Joo.kz платформасын құрушы:

Ресейдің техникалық университеттері біздің университеттерден әлдеқайда жақсы. Базасы да. Бірақ бұл әлемнің үздіктері емес. Мысалы, әлемдегі ең үздік жүз университетке Ресей университеттері кірмейді. Ең атақты МГУ-дың өзі оған кірмейді. Алпауыт технологиялық компаниялардың барлығы Америкадан, Қытай енді-енді қосылып келе жатыр. Оның ішіне Ресейдің технологиялық компаниялары кірмейді. Онда біз неге Ресейге қарай көңіл бөлуіміз керек, егер технологиялық үлкен нәрселер басқа жақтан шығып жатқан болса?

Ғизат Маханов, Edunavigator.kz жобасының жетекшісі:

Егер біз машина құрастыру зауытын дамытатын болсақ, неліктен мерседес, БМВ секілді Германияның автопромына барып үйретпеске? Мысалы мен оқыған Бристоль университетінде, Ұлыбританияда магистратура, ол жерде қасындағы зауыт бар ұшақ бөлшектерін шығаратын, сол компания заказ береді маған осы жылы 500 маман керек деп. Үш-төрт жылда тура сол зауытқа бейімделген дайын мамандар шыға бастайды және де олар практикасын да сол зауытта өтеді.

Кәсіпорын мен оқу орнының қарым-қатынас моделі ретінде үлгі алуға болады. Бірақ сондай жерде «Болашақпен» оқып келген түлек қайда жұмыс істейді? Нарықта оның білім-білігіне сай өндіріс орны болмаса.

Алима Бисенова, Әлеуметтану және антропология кафедрасының қауымдастырылған профессоры:

Қазір бізде мұнай саласы, геодезия және соның қарамағындағы салалар дамып келе жатқан болса, бізге дәл осы уақытта сондай мамандар болғаны жақсы. Он жылдан кейін емес, бес жылдан кейін емес. Дәл қазір. Қолданбалы ғылым деген сол. Орыстар айтады ғой: Хороша ложка к обеду. Біз роботехникадан керемет мамандар оқытып жатырмыз, олар осы жерде неше түрлі роботтар жасап жатыр, ал олар шыққаннан кейін қайда барып жұмыс істейді?

Гүлшат Түсіпова, Білім саласындағы саясат және көшбасшылық мамандығы бойынша магистр (Лидс университеті, Ұлыбритания):

Біздің экономикамызға қандай буындағы техникалық мамандар қажет? Жоғары санат па, кіші санат па, орта санат па? Оны білмей жатып, біз қазір қаржыны Ресейге болсын, басқа жаққа болсын талапкерлерге көптеп құю да бір жағынан сұрақ туындатады. Өйткені олар ертең елге келгеннен кейін олардың алып келген өте жоғары деңгейдегі біліммен бізде оларға жұмыс орны бола ма? Егер болмаса, ол балалар тиісті 3-5 жыл өтілін өтейді де шет елге қайтып кетеді. Демек біз өз бюджетімізге шет елге жақсы жұмыс күшін дайындап отыра береміз деген сөз. Сондықтан бізде өзіміздің еңбек нарығына зерттеулер жақсы жүргізілуі керек.

Біздің еңбек нарығын Ғизат Маханов жетекшілік ететін ұжым зерттеп көрген. Бос жұмыс орындары жарияланатын HeadHunter және Enbek.kz сайттарында мынадай мамандарға сұраныс көп:

Ғизат Маханов, Edunavigator.kz жобасының жетекшісі:

Бухгалтерден басталады, енді ол техникалық емес. Екінші орында программистер, түрлі бағытта, мобильдік программистер, үлкен система програмистері. Кейінгілер – инженерлер, құрылыс саласындағы инженерлер және IT саласындағы инженерлер. Сосын банк саласындағы қызметкерлер және медперсонал ретінде де техникалық жағынан көп керек.

Алима Бисенова, Әлеуметтану және антропология кафедрасының қауымдастырылған профессоры:

Біз өзіміздің потенциалымызды ойлауымыз керек. Бізде не бар? Бізде ауыл шаруашылығы бар. Бізге соның мамандары керек. Биыл жұт болды. Жұтты болдырмаудың қандай жолдары бар? Мысалы, суды өткізу, құдықтар. Ол да өндірістік жұмыс. Шөп-шабын дайындау – ол да өндірістік, ол да машинаны қажет ететін жұмыс. Оған машина шығаруымыз керек. Қой қырқатын машиналар. Соны ойласақ бізге де әртүрлі машиналар керек, өндіріс керек. Тіпті тек ауылшаруашылығы үшін.

Президенттің «қазақ жастары технарь болуы керек» дегені де осыған саяды. Бірақ ол үшін тек «Болашақ» бағдарламасын техникалық мамандықтарға бағыттау аздық етеді.

Гүлшат Түсіпова, Білім саласындағы саясат және көшбасшылық мамандығы бойынша магистр (Лидс университеті, Ұлыбритания):

Өйткені техникалық ойлау қабілеті магистратурада, докторантурада қалыптаспайды, ол мектепте қалыптасады. Техникалық ойлау қабілеті немесе концепциясы деген не? Ол қолда бар шикізаттан бір нәрсені құрастыра білу. Бала соған бейімделіп шығуы керек мектептен. Мысалы, еуропа елдерінде мектеп бітіргенде алған аттестаттары жұмысқа тұруға жарайды. Олар ЖОО оқымайды көбіне. Мектеп кәсіби деңгейдегі білімді жақсы береді. Ал магистратура мен докторантураға келер болсақ, бізге жоғары санатты инженерлер де керек қой, олар өндірістің бағыт-бағдарын, ғылыми тұрғыдан зерттелуін біліп отыруымыз керек.

Данияр Қайыртай, тілші:

Түсінгеніміз, маманды қай елде оқыту – талқылайтын мәселе емес сияқты. Мемлекет пен қоғам сол оқып келген маман қайда жұмыс істейтініне алаңдауы керек. «Болашақ» бағдарламасын былай қойғанда, өз университеттерімізден түлеп ұшқан маманға дайын тұрған жұмыс жоқ. Мысалы, былтыр елдегі университеттердің тек бакалавриатына түсуге 56 мыңнан астам грант бөлінді. Соның 25 мыңға жуығы техникалық мамандықтар екен. Төрт жылдан кейін олар қайда жұмыс істейді? Президент өткен аптада бизнеске жауапкершілік жүктегені сондықтан. «Білікті кадр жоқ деп сылтауратқанша, соларды дайындайтын оқу орнына қолдау жасап, зертхана, шеберхана салып беріңдер, студенттерді іс-тәжірибеге қабылдаңдар» деді.

Ал жалпы, (бұл жерде әңгіме техникалық мамандар туралы) қандай профессионалдар керек, бірінші кезекте соны зерделеу қажет. Тақырып бойынша талқылайтын маңызды сұрақ осы. Онымен қатар қоятын мәселе бар, ол – өнеркәсіппен айналысатын бизнесті қолдау. Әйтпесе «екі сиыр асырау» төңірегіндегі ащы мысқылдан аса алмай қаламыз.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу