Қостанай облысында 118 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 118 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылды

20.01.2022

Қостанай облысында былтыр 118 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылды. Оның басым бөлігінде су тарату қондырғылары орнатылған болса, 5 елді мекенге орталық желі тартылып, ауыз су әр үйге кіргізілген. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Сонымен қатар 24 ауылда 63 шақырымнан асатын көшелердің жолы асфальтталады. Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:   
Бұл – Қостанай ауданына қарасты Шеминов ауылы. Облыс орталығынан небәрі 30 шақырым қашықта болса да былтырға дейін өркениет жетістігінен ада қалып келді. Мысалы мұнда жылдам интернет, ауыз су, табиғи газ болған жоқ. Мына су тарату қондырғысы өткен жазда ғана орнатылған.
Виктор Васильченко Шеминовта туып өскен азамат. Жерігілкті шаруашылықта механизатор боп еңбек етеді. Ол соңғы екі жылда ауылдың бұйығы тірлігі оңына қарай өзгеріп келе жатқанын айтады.
Виктор Васильченко, ауыл тұрғыны:   
Біздің тұрмысымыз жақсарып келеді. Бұрын суды көлікпен белгілі бір күндерде ғана әкелуші еді. Қазір ауылда бір жерден аламыз. Енді келешекте үйді-үйге дейін тарту жоспарда бар екен. Оған жетсек қалалықтарша тұратын боламыз.
2020 жылы ауылдағы 5 көше асфальтталған. Былтыр жоғары жылдамдықты интернет байланысы орнатылып, табиғи газ құбыры тартылды. Енді санаулы күндерден соң құжаттама жұмыстары аяқталса көгілдір отын әр үйге беріле бастайды. Бұл – жергілікті жұрт бұрынғыдай от жағып күл шығарудан құтылады деген сөз.
Роза Рысбаева, ауыл тұрғыны:
 Үйіме су келсе, көгілдір отын келсе, қалада не істеймін? Ауылдың жағдайы жақсы. Мектеп бар, бала оқитын жер бар. Мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Мемлекетіміз дамығасын біздің де өміріміз жақсы болып келеді.
Егін салып сүт өндірумен айналысатын ауылдағы іргелі серіктестікте 160 адам еңбек етеді. Сондықтан жұмыспен қамту мәселесі мұнда оң шешімін тапқан. Шаруашылық тұрғындарға әлеуметтік бағытта да әрдайым қолдау көрсетіп отырады.
Юрий Чеховский, шаруашылық жетекшісі:
Тұрғындарға әр тоннасын 8 мың теңгеден шөп, әр центнері 3 жарым мың теңгеден жем тараттық. Бұл өте төмен баға. Салыстыру үшін айтсақ былтыр шөптің нарқтағы бағасы тоннасына 25-30 мың теңгеден болды.
Бүгінде облыс жұртшылығының 80 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған. 2025-ші жылға дейін тұрғындардың толығымен таза суды тұтынуын қамтамасыз ету межесі тұр. Биыл осы бағытта 29 жобаны жүзеге асыру үшін қазынадан 12 млдр теңгеден астам қаржы қаралған. Жоба жүзеге асса тағы 22 елді мекен сапалы ауыз суды тұтынатын болады.

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу