Утиль алымдарын белгілейтін жұмыс тобы жасақталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Утиль алымдарын белгілейтін жұмыс тобы жасақталды

20.01.2022

«ӨКМ операторының» орнына келген «Жасыл даму» утиль алымдарының мөлшерін белгілеуді бастады. Ол үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.

Бұл мөлшерлемелер ақпан айының соңына дейін қаралып, бекітіледі. Ал, оған дейін кәдеге жарату алымы бұрынғы мөлшер бойынша төленеді.

Қазір бұрыңғы оператордың иелігінде болған активтерді мемлекет меншігіне қайтару үшін «Жасыл даму» АҚ балансына беру жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін акционерлік қоғамды әділет органдарында қайта тіркеу қажет. Алымдарды белгілейтін жұмыс тобының құрамы белгілі, оған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мамандары да кірген.
Олжас Беркінбаев,  ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры:
Кәдеге жарату алымдарын коэффициенттін төмендету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәдеге жарату алымдарын қайта қарау бойынша жұмыс тобы құрылды.
Мамандар утиль алымның мөлшері туралы болжам айтуға әлі ерте дейді. Алайда Сенат мінберінен Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Мұхтар Жұмағазиев утиль алымы фермерлерге және бүкіл ауыл шаруашылығына зиян келтіріп отырғанын айтады. Сондықтан кәдеге жарату алымының коэффициенттерін ертерек төмендетіп, ауыл шаруашылығы техникасы үшін кедендік баждарға уақытша мораторий енгізуді сұрады.
Мұхтар Жұмағазиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Техниканы әкелу кезінде фермерге техника құнының 25-30 пайызына тең сомада бастапқы жарнаны және кәдеге жарату алымын төлеуге тура келеді. Мәселен, тракторлар бойынша орташа алым мөлшерлемесі 11 млн теңгеге дейін, ал комбайндар бойынша әр данасына 22 млн теңгеге дейін жетеді, бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қосымша қаржы жүктемесі болып отыр.
Жұмыс тобы ұсыныстарды жан-жақты зерделеп, алым мөлшерін ақпан айының соңына дейін қарап бекітеді. Ол туралы ақпарат министрліктің интернет-ресурсында жарияланбақ.

Хабарламаларға жазылу