Әлемдегі эпидахуал: Германияда індет жұқтырғандар саны 100 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдегі эпидахуал: Германияда індет жұқтырғандар саны 100 мыңнан асты

20.01.2022

Германияда соңғы тәулікте 112 000-дай адамнан коронавирус анықталды. Елде «омикрон» штамы жылдам таралып жатыр. Соңғы 24 сағатта 239 тұрғын қайтыс болған. Жағдай ушыға берсе, мамырда елде қосымша вакцина салу науқаны басталады.  

Жасы 60-тан асқандарға вакцина салдырмағаны үшін айыппұл салынды

Ал, Грекияда жасы 60-тан асқан тұрғындарға екпе алмағаны үшін айыппұл салынып жатыр. Ережеге бағынбағандар 100 доллар төлеуі тиіс. Елде коронавирустың «омикрон» және «дельта» штамдарының тарауы тоқтамай тұр. Бұдан, әсіресе, егде жастағы азаматтардың денсаулығына қауіп төнді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, коронавирустан қайтыс болған әр 10 адамның 9-ы – 60 жастан асқандар.     

Гонконгта орта мектеп оқушылары қашықтан білім алуға көшті. Бұған оқушылар арасында коронавирус жұқтыру оқиғаларының көбеюі себеп. Осыған байланысты ай басында бастауыш мектеп оқушыларының сабағы тоқтатылып, балабақшалар жабылған еді. Бұған қоса, спорт клубтары, кинотеатр мен сұлулық салондары және басқа да қоғамдық орындардың жұмысы доғарылды.  

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу