Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде 3 оқ тиіп ауыр жараланған әйел өзінің қалай аман қалғанын айтып берді. Сондай-ақ, біздің тілшіміз Аманкелді Сейітхан бұзақылардың қолынан қаза тапқан оператор жігіттің артында қалған жарымен де тілдесті.
Шолпан Бегайдарова 6-қаңтарда балаларына дәрі алу үшін көлікпен көшеге шыққан. Алаңға жақын жолмен келе жатқанда біреулер оған оқ атқан. Екі оқ есікті тесіп өтіп, жамбасына тисе, үшінші оқ омыртқасын жанап өткен. Бірақ, дереу ауруханаға жеткізіліп, аман қалыпты.
Шолпан Бегайдарова, зардап шеккен қала тұрғыны:Көлікте қиналып жатқанымда полицияның арнайы жасағы келіп, шағын автобуспен ауруханаға әкелді. Ал, дәрігерлер жедел қимылдап, аяғымды сақтап қалды. Ең қиыны, бүйрегім зардап шегіпті. Қазір жағдайым қалыпты, бірақ, әлі ұзақ емделуім керек.
Шолпан – үш баланың анасы. Оларды жалғыз бағып отыр. Пәтер жалдап тұрады. Сондықтан, денсаулығына алаңдаулы.
Ал, 5-і күні қаза тапқан Сәкен Битаевтың отбасы қара жамылып отыр. Кино саласында көп жыл режиссер, оператор болған ол түнгі сағат 10 кезінде қасына досын ертіп, оқиғаны таспаға баспақ болып, сыртқа шыққан. Бірақ, жары Гүлбахыт түнгі 1-де оның ауруханаға жеткізілгенін естіген. Жедел сонда барса да, тілдесіп үлгермеген. Ал, оқиға қалай болғанын қасындағы досы айтып берген.
Гүлбахыт Баекенова, С. Битаевтың жары:Алдарынан бір 20 шақты мородерлар келе жатыр екен. Қараңғы тұман дейді. Содан Сәкен айтыпты, машинаны сөндіріп, парковкаға қоя тұрайық, өтіп кетсін содан кейін барып кетейік, қазір бізді жүргізбейді депті. Есігін кілттеп үлгерген. Терезеден біреу қарады дейді, бізді көріп Сәкен жақтағы есікті тартқылай бастады. Шыға берген кезде олардың қашқанын көріп, ата бастаған.
Қазір олар мінген көлікті сараптама жасауға алып кеткен. Ал, оған дейін түсірілген видеодан көлікке 4-5 оқ тигені көрінеді.
Гүлбахыт Баекенова, С. Битаевтың жары:Артқы номерге тиген оқ, артқы багажниктен, орындықтан өткен. Алдыңғы орындықта отырған Сәкенге тиген ғой, тура өкпесіне тиген.
Содан ауруханаға жетпей, жолда жан тапсырған. Артында жары мен кішкентай екі қызы қалды. Туыстары оларға нақты кімнің не үшін оқ атқанын түсінбейді. Ал қос бүлдіршін әкесінің қайтыс болғанын да білмейтіндей...