Елді дамуға бастайтын басты бағыттар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елді дамуға бастайтын басты бағыттар

18.01.2022

Мемлекеттік қызметшілердің тек кабинетке қамалып іс атқаруы билік пен халықтың арасын алшақтатып жіберді. Мұндай жағдай билік басындағыларды бұқараның сөзі мен мұқтаждығын көзге ілмейтін дәрежеге жеткізді. Осыны қатаң сынға алған Мемлекет басшысы ел басқару ісіне өзгерістер енгізуді және оны жетілдіруге айырықша маңыз берді. Сондай-ақ, озық ойлы, білікті мұғалімдерді даярлау ісі де – кезек күттірмес мәселелердің бірі.   

 «Мұғалім-мектептің жүрегі». 85 жылдық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті жыл сайын 1 мыңнан астам мұғалімді оқытып шығарады. Олардың ішіндегі үздіктері мықты маман болуы үшін бірнеше шетелдік оқу орындарында білімін жалғастырады. Оқытушы профессорлар да озық тәжірибелерін үйренуде. Президент тапсырмасы бұл іске енді тағы да екпін қоспақ.

Гүлжан Сүгірбаева, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры:

Польша, Венгрия, Литва, Ресей басқа елдерде 100-ден астам студент академиялық ұтқырлық бойынша білім алып келді. Ал 5 оқытушымыз ғылыми ізденістер бойынша 5 елге барайын деп жатыр.

Мемлекеттік қызметтегі бюрократия мен қағазбастылық еліміздегі қолға алған бағдарламалардың жүзеге асуын барынша тежеп келе жатқан факторлар. Ел басқару ісінде жүргендер жоғарыға ақпар берумен ғана шектелгендіктен халықпен кездесіп, пікірлесуден қаймығатын болды. 47 жыл мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өткен қоғам және мемлекет қайраткері Шалатай Мырзахметов «бұл бүгінгі басшылардың бойындағы кейбір адамиялық және іскерлік қасиеттердің жетіспеуінен» дейді.   

Шалатай Мырзахметов, қоғам және мемлекет қайраткері 

Жаңа Қазақстан құрамын десе әрбір басшы өз халқымен етене жақын боп тұрса. Екінші мәселе халықтың толқымайтыны ол – өтірік айтпау керек. Басшы бір сөзі болуы керек. Үшінші, мүмкіндігінше таза жүру керек. Ешкімнің ала жібін аттамау керек. Ешкімге бұра тартпау керек.

Еңбек нарығының талабына сай кадр дайындау да кезек күттірмес шаруаның бірі. Бұл туралы атыраулық ғалымдар мен ұстаздардың басқосуында айтылды. Олар Жаңа Қазақстанға бағыт алған мемлекетіміздің негізгі принциптерін саралап, Президент айтқан маңызды мәселелерге ой қосты. Жемқорлық пен жұмыссыздықты жою, ұлттық сананы жаңарту, азаматтық қоғам құру тақырыптарын талқылады.  

Ғани Қалмаханов 


Хабарламаларға жазылу