Бақытжан Сағынтаев аппараттық кеңес өткізді: Шарада қандай мәселелер айтылды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақытжан Сағынтаев аппараттық кеңес өткізді: Шарада қандай мәселелер айтылды?

11.01.2022

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев аппараттық кеңес өткізіп, мегаполистің тыныс-тіршілігінің өзекті мәселелерін қарады. Қала әкімдігі ғимаратының қирауына байланысты жиын Алмалы ауданы әкімдігінің ғимаратында өтті.

Шарада қандай мәселелер айтылды? Мегаполистегі соңғы ақпарат.

Қуан Нұрақын, тілші:

Кеңес барысында сауда, жолаушылар көлігі нысандарының, әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындардың жұмысын қалпына келтіру, жолдарды тазарту және қалпына келтіру мәселесі қаралды.

Сонымен қатар КВИ бойынша санитарлық-эпидемиологиялық ахуал баяндалды. Жиында соңғы бір аптада қалада коронавирустың өршігені айтылды. Бұл пандемияның жаңа толқынының басталғанын көрсетеді деді әкімдік өкілдері. Осыған байланысты Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев эпидахуалды жақсарту, Телемедицина орталығының жұмысын жандандыруды, қосымша төсек-орындар санын көбейтуді тапсырды. Сондай ақ тұрғындардың белсенді вакцина алып, ревакцинациядан өтуі керек екенін атап өтті.

Тәртіпсіздік кезінде жүк көлігін басып алған адам ұсталды

Алматыда бүгін тәртіпсіздіктер кезінде әскери «КАМАЗ»-ды басып алған ер адам ұсталды. Ол 27 жастағы Павлодар облысы Екібастұз қаласының тұрғыны болып шықты. Айыпталушының тонауға да қатысы бар екені анықталды. Одан қару-жарақ дүкенін тонау нәтижесінде ұрланған 30 патроны бар тегіс ұңғылы «Сайга» мылтығы тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынды.

Шаһардан қашпақ болған топ ұсталды

Сондай-ақ қала полициясы Алматыдан қашпақ болған тонаушылар тобын ұстады. Ұсталғандардан әскери қызметшілерге тиесілі шу гранаталары, бас киімдер, оқ өтпейтін киім мен қалқандар тәркіленді. Аталған факті бойынша жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Еске салсақ, төтенше жағдай режиміне байланысты қалада сағат кешкі 23:00-ден таңғы 07:00-ге дейін коменданттық сағат жұмыс істейді. Қала тұрғындары оның талаптарын сақтауға міндетті.


Хабарламаларға жазылу