Көкшетаудың жанындағы Красный Яр елдімекеніндегі жел электр станциясы толық жұмыс істей бастады. Жобаның екінші кезеңі аясында энергия өндіретін 7 мұнара іске қосылды. Бұл Ақмола облысында баламалы энергетика саласында жүзеге асқан 8-інші нысан.Әріптесім Ермек Елберген баяндайды
Көкшетаудың іргесіндегі жел электр станциясының құрылысы 2018 жылы басталған. Осы аралықта бой көтерген 12 мұнараның 10-ы энергия өндіріп тұр. Екеуі - қосалқы. Жобаның жалпы құны - 3 жарым млрд. теңге. Қуаты 3 мың үйді жарықпен қамтуға жетеді. Алайда, қуат көзі тікелей берілмейді, бірЫңғай энергия тарату желісіне қосылады.
Медет Әшірбаев, техника-энергетика маманы:
Башнялар жел 2 м/сек жылдамдықпен айналғандар, өздері автоматический қосылып, жұмыс жасайды. Ең көбі 20 м/сек жеткен кезде өзі тоқтайды. Орташа есеппен 10 м/сек жылдамдықпен соғады жел.
Облыста баламалы энергия көздерін дамыту бойынша жүзеге асқан жобалардың 7-уі - жел электр станциялары. Бұл бағытта Ерейментау ауданы қолайлы саналады. Сол себепті келер жылы облыстағы ең үлкен жел электр станциясы осы ауданда салынбақ. Жаңа нысандарды ашып, саланы алдағы уақытта әрі қарай дамыту үшін жер бөлінбек.
Ақжол Қылышбаев, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
Жергілікті атқарушы органдармен бірге жұмыс топтары құрылуда. Ол жұмыс топтарына жер мәселесі бойынша білікті мамандар осы жұмыс тобына кіргізілуде, яғни бұл жерде жер бөлу мәселесі және де подстанцияларды қосу нүктелерін анықтау.
Ақмола облысында энергия өндіретін кәсіпорындар көп емес. Сондықтан баламалы энергетиканың дамуы салаға жаңа серпін берді. Қазірдің өзінде электр энергиясының жартысына жуығын осы жаңа нысандар өндіріп отыр. Алдағы уақытта оның үлесі әлі де көбейе түспек.
Ермек Елберген,тілші:
Ақмола облысында алдағы екі жылда жел энергетикасы саласында тағы төрт жоба іске аспақ. Оның екеуі Ерейментау ауданында, бір-бірден Аршалы мен Зеренді аудандарында. Келесі жылдың өзінде үш жаңа станция іске қосылады деп күтілуде. Жалпы қуаттылығы 244 МВт. Тартылатын инвестиция көлемі - 121 миллиард теңге.
Ермек Елберген