Йемендегі көтерілісші хуситтер Сауд Арабиясына 2015 жылғы соғыс басталғалы бері 430 баллистикалық зымыран мен 851 қарулы дрон жіберген. Шабуылдардан 59 саудиялық қаза тапты. Мұны Йеменде соғысып жүрген коалиция өкілдері мәлімдеді. Олардың сөзінше, Иранның қолдауына сүйенген қозғалыс «Сана» әуежайын корольдікке оқ жаудыру үшін базаға айналдырған.
Айта кетсек, Йемен билігіне қарсы хуситтер ел астанасы Сананы 2014 жылы басып алған. Олар елдің халықаралық қолдауға ие болған үкіметін биліктен аластатты. Қақтығысқа Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері араласып, көтерілісшілерге қарсы шықты. Дегенмен соғыс тоқтамады. Ондаған мың йемендік қаза тапқан.
Сарапшылар бұл қақтығысты негізінен Таяу Шығыстағы басты бәсекелестер - Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы кезекті прокси-соғыс деп атайды.
Арай Төлегенқызы