Алматылықтар мерекеде желтоқсан оқиғаларының құрбандарын еске алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылықтар мерекеде желтоқсан оқиғаларының құрбандарын еске алды

20.12.2021

Тарихқа тағзым. Алматылықтар мерекеде «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл шоқтарын қойып, желтоқсан оқиғаларының құрбандарын еске алды. Шараға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, қоғам қайраткерлері, желтоқсаншылар мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Алматы - тәуелсіздіктің алтын бесігі. Егемендік үшін алғашқы қадамдар дәл осы алаңнан басталды. "Тәуелсіздік таңы" ескерткішіне гүл қою рәсіміне қатысу үшін жұртшылық таңнан жиналды. Азаттық үшін жанқиярлықпен күрескен батырларға тағзым жасады.

Рахман Алшанов, қоғам қайраткері:

Егемендік бізге көп мүмкіншілік берді. Тәуелсіздік - басты құндылығымыз. Басты құндылықты сақтауымыз керек.

Ескерткішке гүл қою рәсімінен кейін жиналғандар сол оқиғаларда қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Болат Отыншиев, қала тұрғыны: 

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Жастар патриоттық сезімде өссе екен деп тілейміз. Тәуелсіздігіміздің туын әрқашан биік ұстап, желбіретіп жүре берсін!

Нұрсұлтан бекқайыров, "Jas otan" жастар қанаты Алматы филиалының төрағасы: 

Тәуелсіздік монументіне келіп, сол кезде көтеріліске қатысқан аға-әпкелерімізді еске алып, гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып отырмыз. Бұл Алматы жастары үшін, біз үшін өте құнды,өте маңызды деп есептейміз.

Бүгінде Алматыда «Тәуелсіздік таңы» монументінен бөлек орталықта «Желтоқсан» көшесі бар. Сондай-ақ Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев сынды батырлардың есімі ұлықталып, көше атауы берілді. Желтоқсаншылардың ерлігін мәңгі есте қалдыру үшін қалада «Желтоқсан» саябағы да ашылған.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу