Алматыда «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтіп жатыр

09.12.2021

 Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтіп жатыр. Мақсат - қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту.

Форумда мемлекеттік тілді еркін меңгерген Қазақстан этностарының өкілдері сөз сөйледі. Іс-шара барысында қатысушылар мемлекеттік тілдің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін нығайтуды талқылады. Қазақ тілін меңгерудегі тәжірибелерімен бөлісті. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Филология және лингвистика саласындағы сарапшылар мен қазақ тілінің мамандары да шарадан шет қалмады. Форум аясында Ассамблея жанынан құрылған оркестрдің тұсауы кесілді.

Ершат Асматов, ҚХА мүшесі , «Уйғур авази» газетінің бас редакторы:

Қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырзалиев «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» деді.
Мемлекеттік тілді дамыту - біздің негізгі мақсатымыз. Мен осы журналистика саласында журналист ретінде, жалпы, Қазақстанның азаматы ретінде қазақ елінің, қазақ тілінің дамуы үшін бар күш–жігерімді жұмсаймын.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу