Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында қалың қар жиналып жатыр. Қазір мұндағы ұшып-қону алаңдары ашылып, қалыпты жағдайда жұмыс істеуге көшкен. Елордада шамадан тыс көп жауған қардың салдарынан түнгі сағат екіден бастап, таңертеңгі тоғызға дейін жолақтарды мұздан тазарту ісі жүргізілді. Сондықтан оларды уақытша жабуға тура келген.
Әуежай өкілдерінің айтуынша, 10 шақты рейс уақытынан кешіктірілген. Жүк рейстері Новосібірге, жолаушы рейстері Қарағанды мен Алматыға жөнелтілді. Ал сағат 14:00-ден 16:00-ге дейін жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін перрондар жабылды. Ұшып-қону алаңдарын тазарту үшін арнайы техникалар әлі де жұмыс істеп жатыр. Әрбір рейсті ұшуға дайындауға бір жарым сағаттай уақыт кетеді.
Ерғазы Жолдасов, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары:
Қардың қалың жауып, көріну жағы нашарлады. Әуежайдың үлкендігі сонша, біз үлгермей жатырмыз. Қону-ұшу алаңы таза. Өзінің стандартына сай. Әуежайға келген ұшақтар ұшып кетіп жатыр. Қарды жинап алу үшін бір тәулік бойы 21 техника жұмыс істеп жатыр.
Ал бұған дейін Азаматтық авиация комитеті ауа райының қолайсыздығына байланысты 20 шақты рейстің кешіктірілгенін хабарлаған еді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшып шығуы тиіс 12, ұшып келуі тиіс 9 рейс кейінге шегерілді.