Басты Жаңалықтар Президент: ЖИ өнеркәсіпті өзгертетін басты күшке айналады

Президент: ЖИ өнеркәсіпті өзгертетін басты күшке айналады

Президенттің төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтті. Жиында өнеркәсіп секторын цифрлық трансформациялау және жасанды интеллектіні өндірісте қолдану мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы жасанды зерде жаңа цифрлық дәуірдегі бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан үшін басты міндет – еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық жаңғыруды жеделдету және қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейту. Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейінгі Digital Kazakhstan стратегиясы аясында жасанды интеллектінің ұлттық кешенді экожүйесі қалыптасып жатқанын айтты. Президент биылғы сегіз айда Қазақстан өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі шамамен 46 триллион теңгеге жеткенін, ал өңдеу өнеркәсібі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға өскенін атап өтті. Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің негізгі құндылығы – адам әлеуетін күшейту деді. Оның пікірінше, бұл технология инженерлердің жұмысын тиімді етіп, басшыларға деректер негізінде жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.


Бөлісу