Сарапшы: ЖИ-ді қолдануда қауіпсіздік мәселесіне назар аударған жөн
Жасанды интеллект медицина саласының мүмкіндігін арттырып, науқастарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға жол ашады. Алайда жаңа технологияны қолдануда қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс, дейді халықаралық сарапшы Виван Ли. Оның сөзінше, кейбір жасанды интеллект жүйелері қате ақпарат ұсынады. Сондықтан мамандар медициналық мақсатта нақты міндетке бейімделген, қауіпсіз жүйелерді әзірлеу қажет екенін айтады.
Виван Ли, Harvard Medical School аға оқытушысы:
Медицина саласында бізге сенімді, нақты әрі тексерілген деректер қажет. Сондықтан біз тек жасанды интеллект модельдеріне ғана емес, белгілі бір салаға және нақты мақсатқа бейімделген шағын модельдерді дамытуға да назар аударуымыз керек деп есептеймін. Бұл пациенттердің жеке басы мен деректерін қорғауға, сондай-ақ жасанды интеллектіні денсаулық сақтау саласында әлдеқайда қауіпсіз қолдануға мүмкіндік береді.
Қазақстан жасанды интеллектіні дамыту бағытында Орталық Азиядағы цифрлық орталықтардың біріне айналып келеді. Сарапшылардың пікірінше, еліміздің басты артықшылығы әлемде әзірленіп жатқан озық технологияларды жылдам енгізіп, оларды нақты өнімдерге айналдыра алу мүмкіндігі. Қазір елімізде цифрлық мемлекеттік қызметтер мен қаржылық технологияларды біріктіретін өзара ықпалдасқан экожүйе қалыптасқан. Бұл жасанды интеллект шешімдерін халыққа жедел ұсынуға мүмкіндік береді.
Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. Компаниясының бас атқарушы директоры:
Қазақстан қазірдің өзінде әлемдік цифрлық картада маңызды орын алып отыр. Біздің нақты артықшылығымыз әлемде әзірленіп жатқан озық технологияларды басқа елдерге қарағанда пайдаланушыларға жылдамырақ ұсына алуымыз. Мәселен, бізде цифрлық үкімет пен қаржы экожүйелері арасында тығыз байланыс қалыптасқан. Сондықтан жасанды интеллектіні нақты өнімдерге енгізуге мүмкіндігіміз мол.