Түркітілдес елдер кинематография саласында бірлесіп жұмыс істемек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркітілдес елдер кинематография саласында бірлесіп жұмыс істемек

15.11.2021

Түркітілдес елдер кинематография саласында бірлесе жұмыс істеуге келісті. Ыстамбұлда өткен Қорқыт Ата кинофестивалі аясында Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан мен Қырғызстанның министрлері тиісті меморандумға қол қойды. Бұл құжат кино түсіру барысында режиссерлер, продюсерлер мен актерларды еш кедергісіз тікелей шақыруға және жаңа туындыларды бірлесіп түсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Түркі дүниесіне ортақ фильмдер қорын құруды көздейді.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Осындай фестивальдер біздің түркітілдес халықтарды біріктіретін, біздің мәдениетіміздің бір екенін және осы мәдениетіміздің, тарихымыздың бізді достастырып, болашаққа бірге қадам басуға мүмкіндік беретінін көріп отырмыз.

Алғаш рет ұйымдастырылған Қорқыт ата кинофестиваліне түркітілдес елдің бәрі 42 туынды әкелген. Оның 11-і Қазақстаннан. Фестиваль қорытындысы бойынша түркі дүниесінің мәдениетіне қосқан үлесі үшін «Қазақфильм» киностудиясы арнайы жүлдемен марапатталды. Ал бұдан былай жыл сайын өтетін фестиваль 2024 жылы Қазақстанда өткізіледі.


Айдос Әшім

Хабарламаларға жазылу