Бизнес үшін мемлекет тарапынан ынталандырудың 20-ға жуық түрі қол жетімді болады
Бизнес үшін мемлекет тарапынан ынталандырудың 20-ға жуық түрі қол жетімді болмақ. Бүгін мәжілісте өнеркәсіптік саясатқа қатысты құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасындағы жаңалықтардың бірі – мемлекеттен көмек алатын кәсіпорындар үшін қарсы міндеттемелерді белгілеу. Яғни, кәсіпорын жүктелген міндеттемелерді орындамаған жағдайда ережеге сәйкес бюджет қаражатын қайтаруы тиіс. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде бизнеске мүмкін емес міндеттемелерді жүктемеуге және кәсіпкерлерге талапты қатаңдатпауға шақырды.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:Мемлекеттен қолдау күткен кәсіпкер, өз бизнесін қалай жоспарлайды? Ол өзінен не талап етілетінін білмейді ғой. Осы заң жобасының үкіметтік нұсқасында да анық көрсетіліп тұр. Кәсіпкер қатаң талаптан құтылу үшін шенеуніктің алдына барып, өтініш жасауына тура келеді. Әрі қарай түсінікті. Шенеунікке ешқандай бақылаусыз шешім қабылдауға мүмкіндік бер, бірден сыбайластық құқықбұзушылыққа жол ашады. Сондықтан, бұл норманы үкіметтік нұсқа бойынша қалдыруға болмайды.
Мәжіліс төрағасы осыған сәйкес, жұмыс тобына жауапты министрлікпен бірге екінші оқылымға дейін тиісті міндеттемелер жөніндегі норманы нақты, анық және түсінікті етіп толықтыру қажеттігін айтты.
Саламат Омаш
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы