Ұлыбританияда жанармай станцияларының 90 пайызында бензин жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда жанармай станцияларының 90 пайызында бензин жоқ

27.09.2021

Ұлыбританияда бензин дағдарысы пайда болды. Рейтердің мәліметінше, қазір корольдіктің жанармай құю бекеттерінің 90 пайызы бос тұр. Алайда, елде бензин қоры көп. Басты проблема - оны тасымалдайтын жүк көліктері жүргізушілері жетіспей отыр.

Жұма күні британ басылымдары осы мәселені көтергеннен кейін тұрғындар арасында байбалам басталған. Бензинсіз қалудан үрейленген жүргізушілер жанармай құю бекеттеріне ағылып, төртінші күн қатарынан ұзын-сонар кезек түзілді.

Британияда қазір 90 мың жүк көлігі жүргізушісі жетіспейді. Бұл мәселе азық-түлік өндірушілер, супермаркеттер, мейрамханалар желісіне де кері әсер етіп отыр. Ал, фура жүргізушілерінің тапшылығына Брексит, зейнет жасына жету, коронавирус және еңбекақының сәйкессіздігі ықпал етсе керек.

 Корольдік билігі Еуропаның басқа елдерінен жұмыс күшін тарту үшін Рождествоға дейін небәрі 5 мың уақытша виза беруге келісті. Дегенмен, Британия үкіметі болашақта шетелдік жұмыс күшіне тәуелді болмас үшін, мәселені түбегейлі шешуді көздейтінін мәлімдеп отыр. 

 Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу