Бүгін Пермь өлкесінде аза тұту күні жарияланды. Өңір жұрты жергілікті университетте болған атыс құрбандарын еске алып жатыр. Сол трагедиядан 6 адамның өмірі қиылып, 24-і жараланды. Соңғы мәліметтерге сай, 19 адам ауруханада емделіп жатыр. Халі мүшкіл 7 науқас Төтенше жағдайлар министрлігінің бортымен федералдық клиникаларға жеткізілді. Қантөгісті ұйымдастырған 18-жастағы Тимур Бекмансуровқа операция жасалды. Қазір ол аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Ұстау операциясы кезінде студенттің аяғы, іші мен кеудесіне оқ тиіп, жараланған. Шабуылшы сол университеттің бірінші курсында оқыған.
Айта кетері - оның қару ұстауға заңды рұқсаты болған. Қылмысқа бармас бұрын ол әлеуметтік желіге мылтық ұстап түскен суретін жариялап, бұл шабуылды көптен бері жоспарлап жүргенін жазған. Ресей тергеу комитеті Бекмансуровқа қатысты бір және бірнеше адам өлімі туралы қылмыстық іс қозғады. Бұл бап бойынша студентке өмір-бақи бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Арай Төлегенқызы