Түркістан облысында таудағы жарылыстан ауыл халқы зардап шегіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында таудағы жарылыстан ауыл халқы зардап шегіп отыр

12.09.2021

Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Ақбиік ауылының маңында түрлі-түсті металл қоспасын өндіретін кен орны бар. Зиянды заттардан ауа ластанып, денсаулығымызға зияны тиіп жатыр деп тұрғындар наразы. Қатты жарылыстардан зәрезап болған.

Ал компания: экологиялық сараптама алынған, әкімдік: уәкілеттігіміз жеткенше жұмыс істейміз, төтенше жағдайлар министрлігі: залалы аз технологиямен істейтін компания жоқ, дейді.

Бұл жауырды жаба тоқу болмасын. Жауырды жаба тоқудың немен аяқталатынын екі жыл екі ай екі күнде - тамыздың 26-да көрдік. Айнұр Ақбаеваның репортажы.

Айнұр Ақбаева, тілші:
 Соңғы екі жылда Абайыл кен орнындағы жарылыстардың саны жиілеп кеткен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша кей күндері төрт-бес ретке дейін жарылыс болады. Салдарынан Ақбиік ауылын шаң басып, тұрғындардың тыныс алуы қиындай түскен.

Түрлі-түсті металл қоспасын өндіретін кен орындары ауылдың ту сыртында. Шамамен екі жарым шақырымдай ғана қашық. Тауда көтерілген шаң ауылға лезде жетеді. Оған қоса күнделікті ондаған ауыр жүк көлігі ауыл ішімен шаңдатып өтеді.Тұрғындар соңғы кездері буаз малдар іш тастап, ел ішінде сырқат көбейіп кетті деп отыр.

Эльвира Серимова, Ақбиік ауылының тұрғыны:
Кішкентай балаларымызға дейін бәрі аурады. Сонан кейін балалардың бастарында «водянка» деген ауру пайда боп жатыр.  Түлкібас ауданында Ақбиік ауылы онкологиялық аурумен бірінші кезекте тұр.

Талаптарына ешкім пысқырып та қарамағасын, ауыл азаматтары жолды жапқан. Аудан әкімі келіпті. Алайда ешқандай өзгеріс жоқ.

Ашынған халық ауылдың шетіне жиналып, темір рудаларын тасымалдайтын көліктердің жолын тағы жауып көрді...

Бақытжан Мирхамитов, Ақбиік ауылының тұрғыны:
Мысалы күніне жоқ дегенде орта есеппен алғанда отыз камАЗ алып өтеді жоқ дегенде. Ол не бойынша бұлар жауып алып өту керек, ашық алып өтеді. Халықтың қойып отырған талабы да осы жарылысты тоқтатсын. Алатын затын қазып алсын. Сөйтіп жолды салып алсын керек жағына барып, ауылдың ішімен жүрмесін.

Жиілеп кеткен жарылыстан тұрғын үйлерді айтпағанда үш жыл бұрын салынған ауылдағы балабақшаның қабырғасы да қақырай бастаған. Мектепке дейінгі мекеменің басшылығы қатты дүрсілден бүлдіршіндердің ұйқысы бұзылып, сыртқа шығарудан қалдық деп отыр.

Айнұр Жаппарова, бөбекжай меңгерушісі:
Әсіресе балалар ұйықтаған кезде шошып оянады. Ол бір дауыс емес, артынан бірнеше рет жарылыс болғанк езде бала тіптен басқаша бір күй кешеді. Мына біздің бөбекжайымыздың іші-сыртын көрсеңіздер қақ-қақ айырылып кеткен кәдімгідей. Екіншіден біздің мына жердегі жолдан жүрген кезде барлық камазды мына жерге әкеп қойған кезде енді бізге шаңның өзі қаншама зиян келеді балаға.

Аудан басшылығы әрине, мәселеден хабардар. Алайда жекеменшік компаниялардың жұмысына араласа алмаймыз дегеннен әрі аса алмады. Себебі, еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі оларға жарылыс жасап, темір рудаларын өндіруге рұқсат берген.

Бауыржан Ахметов, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары:
Біз «Ферум констракшн»және тағы қасындағы кәсіпкерлерге ескерту бергенбіз өз тарапымыздан. Төмендетіп, шкаласын төмендетіп бұрғылап өндіру жөнінде хат жүзінде жолдаған болатынбыз. Мөлшерін азайтпаса, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиясын алып қою бойынша жұмыс жасаймыз.

Айта кететіні, кен өндіретін кәсіпорын үшеу. Аудан әкімінің орынбасары сөз қылып отырған компания өкілдерімен хабарласқанымызда, ауыл тұрғындарының шағымы негізсіз деп есептейтіндерін жеткізді. Айтуларынша, өндірісті жолға қоярдан бұрын экологиялық сараптама жасатқан. Оны тұрғындарға да көрсеттік дейді. Сондай-ақ, заңда жарылыс жасамас бұрын ауыл тұрғындарын ескерту берілсін деген талап жоқ екенін алға тартады.

Компания басшысы бұдан бөлек, жарылыс жасамай кен өндірудің жолы жоқ деп отыр. Болғанның өзінде қымбатқа түседі, одан табыс болмайды деп қысқа қайырды.

Дархан Жиенбай,    «Ferrum Construction» ЖШС директоры:
Бетінде жатқан руданы ешкім жармай ала алмайды. Оның қазіргі технология бойынша бір тәсілі ғана бар. Бұрғылап, бұрғылап, химикаттарды құяды да. Оны жібітіп қояды. Оны үш апта, төрт апта жатуы керек. Кейін ол қазылып алынады. Ол өте қымбат, өте ұзақ процесс. Сол себептен оны ешкім әлі қолданып жатқан жоқ. Басқа оның жолы жоқ.

Өзекті мәселе аудан әкімдігінде талқыланды деген хабар алдық. Кен компанияларын тұрғындардың талаптарын орындауға шақырыпты. Бірақ жерді жармай, қазып алу әдісіне көшу туралы басты талаптың орындалмайтыны түсінікті. Сондықтан былай жалпылама сөйлейді:

Ұлас Әлімбаев, Түлкібас ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
Аталған мәселелер бойынша аудан әкімі үлкен үш мекеме басшыларына ауыл тұрғындарының атынан қатаң ескертіп, көтерілген мәселелердің өз шешімін табуы керектігін атап өтті. Жаңадан қазір меморандум түзілуде, ауылдың талап тілектеріне сәйкес.

Жалпы елімізде мұндай өндірістік жарылыстарды ТЖМ-не қарасты Өндіріс қауіпсіздігі комитеті қадағалап отырады. Ондағы мамандар шамамен 225 мекеменің ашық және жабық жағдайда қазба байлықтарын өндіретінін айтады. Басым көпшілігі елді-мекендерге жақын орналасқан.

Дәулет Сейілханов, ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті басқармасының бас сарапшысы:
Кен өндіруші компанияларға ауылдармен арадағы қауіпсіз аймақтарды сақтау сияқты бірнеше талаптар қойылады. Бірақ бұл талаптарды барлығы дерлік сақтай бермейді. Ал, қазір әлемде жарылысты болдырмайтын әдіс-тәсілдер бар. Бірақ біздегі кен өндіруші компаниялардың бірде бірі оны қолданбайды. Себебі шығыны көп, өндірілген өнімнің бағасын аспандатып жібереді деген уәж айтады.

Ақбиіктегі кен өндіруші үш компанияға жаралыстардың күшін азайту, жарылыстар кесірінен зардап шеккен ауыл балабақшасын жөндеу деген талаптар қойылды. Тас пен түрлі-түсті металл қоспасын таситын жүк көліктерін ауыл сыртымен жүргізу үшін 4 шақырымға жуық жол салу мен қазба жұмыстарын бекітілген кесте бойынша жүргізу ескертілді.

Демек жаңа да айттық, басты талап орындалмайды. Тек ғайыптан тайып, экологиялық заң қатаймаса, Ақбиік және Ақбиік секілді ауылдардың маңында гүрсілдеген жарылыстар тоқтамайды.


Хабарламаларға жазылу