«Талибан» үкімет құрамын жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Талибан» үкімет құрамын жариялады

08.09.2021

«Талибан» қозғалысы Ауғанстанда үкімет құрғанын жариялады. Жаңа кабинеттің құрамында бірде-бір әйел жоқ. Негізгі министрлік посттар радикалдық ұйымның 1990-шы жылдардағы басшылары мен соңғы 20 жылда АҚШ-пен соғысқан ардагерлеріне берілген. Кейбір бақылаушылардың ойынша, бұл үкіметке халықаралық аренада қолдау табу оңай болмайды. Өйткені, оның мүшелері негізінен пуштундар. Өзге этникалық топтардың өкілдері енбеген. АҚШ Мемлекеттік департаменті бұған алаңдаушылық білдіріп отыр. Айта кетсек, Ауғанстан экономикасы соңғы айларда үлкен дағдарысқа ұшырады. Ел бюджетінің 80 пайыздайы әлемдік қауымдастықтың қаржылай көмегіне тәуелді. Уақытша ішкі істер министрі болған Мулла Хасан Ахунд премьер-министр болып тағайындалды. АҚШ-пен бейбіт келіссөздер жүргізген Абдул Ғани Барадар оның орынбасары лауазымына кірісті. Ал, Американың Федералдық тергеу бюросы басына 5 миллион доллар тіккен Сираджуддин Хаккани ішкі істер министрлігін басқармақ.

Забихулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының баспасөз хатшысы:
Ислам Әмірлігі маңызды мәселелерді шешу үшін министрлер кабинетін тағайындауға және жариялауға шешім қабылдады. Қалған министрліктер, ведомстволар және мекемелер үшін жеке тұлғалар әрі қарайғы талқылаулардан кейін таныстырылатынын айтуымыз керек.

Сейсенбіде Пәкістанның Кабулдағы елшілігі алдында шеру өтті. Демонстранттар Исламабадты тәліптердің Панджерге шабуылын қолдады деп айыптады. Шеруді тарату үшін «Талибан» өкілдері аспанға оқ атып, бірнеше журналистті тұтқындаған. Бір аптаның ішінде екінші рет өткен қарсылық акциясына әйелдер де қатысты.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу