Тәліптер Панджшерді толық бақылауға алғандарын жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәліптер Панджшерді толық бақылауға алғандарын жариялады

06.09.2021

Ауғанстан тәліптері өздеріне бағынбаған жалғыз провинция – Панджшерді толық бақылауға алғанын жариялады. «Осы жеңіспен еліміз соғыстан құтылды», - дейді «Талибан» қозғалысының өкілдері.

Еске сала кетейік, исламшылдар үш апта бұрын елді басып алып, тамыздың 15-де билікке келген еді. Ал, Батысқа арқа сүйеген бұрынғы президент Ашраф Ғани шетелге қашуға мәжбүр болды. Содан кейін Ауғанстанның солтүстігіндегі Панджшер жазығында әскери жанжал басталды. Өйткені, осы аймаққа қоныс аударған бұрынғы үкіметтің қауіпсіздік күштері мен жергілікті қарулы жасақтар «Талибанға» бағынғысы келмеді.

Ахмадулла Уәсих, «Талибан» қозғалысының өкілі:
Соңғы ақпаратқа сай, Панджшердің маңызды аудандарын өз қолымызға алдық. Қазір провинция орталығында жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға зиян келтірмейтіндей операцияларды тоқтатқан жоқпыз. Қарсыласу қозғалысын аймақты босатуға мәжбүрлеудің тактикалық әдісі бұл. Тағы бір маңызды мәселе - моджахедтер айтарлықтай шығынға ұшырады деген насихат бар, бірақ бұл дұрыс емес. Панджшер Ауғанстан провинциясы болғандықтан, ол да жаңа режимге енуі керек.

Алайда, Ахмад Масуд жетекшілік ететін «Ұлттық қарсылық майданы» Панджшерді тәліптер басып алғанын растамады. Және де олар «әділдік пен бостандық» үшін соғысты тоқтатпайтынын ескертіп отыр. Сөйте тұра, Масуд «Талибанмен» келіссөздерге әзір екенін де мәлімдеді.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу