АҚШ-тың Луизиана штатына Ида дауылы соққы беріп, тұрғындардың барлығы дерлік электр жарығынсыз қалды. Мұнда жалпы алғанда 1 миллионнан астам үй мен нысан қараңғыда қалса, Миссиссипи штатында 113 мың үйде жарық өшкен.
Сағатына 277 шақырым жылдамдықпен соққан күшті жел, электр бағандарын құлатты. Оларды қалпына келтіруге бірнеше апта қажет болмақ. Сумен қамтамасыз ету жүйесі де істен шыққан.
Қатты дауыл мен нөсер соңы дүйсенбінің кешінде тасқынға ұласып, 2 адам қайтыс болды. Рейтер агенттігінің мәліметінше, марқұмдардың саны әлі де өсуі мүмкін.
Апат жайлаған аймақ халқын құтқару жұмыстарына ұлттық гвардияның 5 мың жауынгері, арнайы техника, 34 тікұшақ жіберілді. Ал, ауа райы мамандары штатта әлі де күшті тасқын жүруі мүмкін екенін ескертіп отыр.
Арай Төлегенқызы