ДАИШ-Қорасан радикалдық тобының қастандығынан 85 адам қаза тапқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ДАИШ-Қорасан радикалдық тобының қастандығынан 85 адам қаза тапқан

27.08.2021

Ауғанстанда бейбіт тұрғындарды эвакуациялау жұмысы шабуылдардан кейін қайта жалғасты. Бірақ, Пентагон терактілердің қайталануы мүмкін екенін ескертіп отыр. Соңғы деректерге сай, ДАИШ-Қорасан радикалдық тобының қанды қастандығынан 85 адам қаза тапқан. Құрбандар мен жараланғандардың арасында бейбіт тұрғындармен қоса америкалық әскерилер бар. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.
ТАҚЫРЫП: Екі жарылыстан 85 адам қаза тапты

Қанды шабуылдардан кейін Кабул әуежайында эвакуация қайта басталды. АҚШ әкімшілігінің мәліметінше, соңғы 24 сағатта 12 500 адам Ауғанстаннан әкетілген. Терактілерден кейін Канада, Бельгия, Нидерланды тәрізді елдер көшіру миссиясын тоқтатты. Бұл жұмысты Британия да аяқтап жатыр. Ал, әуежай қауіпсіздігін 6 жыл бойы қамтамасыз еткен Түркия өз әскерін ауғаннан әкетпек. Құрама Штаттар президенті Джо Байден болса, әскер мен бейбіт азаматтарды көшіру тамыздың 31-не дейін жалғасатынын мәлімдей отырып, "Даиштан" кек алатынын ескертті.
Джо Байден, АҚШ президенті:
 Террористер бізге кедергі жасай алмайды. Миссиямызды тоқтатуға мүмкіндік бермейміз. Эвакуация жалғасады. Командирлерге "Даиштың" активтеріне, жетекшілеріне, нысандарына шұғыл соққы беру жоспарын дайындауды тапсырдым. Біз қалаған уақытта, таңдаған жерде оларға қарсы күш қолданамыз.
Кабул әуежайы маңында болған екі жарылысты "Даиш-Қорасан" тобы мойнына алды. Радикалдар бұл шабуылдар америкалықтармен бірлесе жұмыс істеген ауғандықтарға және аудармашыларға қарсы бағытталды деп мәлімдеді. Соңғы мәліметтерге сай, терактілерден 85 адам қаза тауып, 150-ге жуығы жараланған.
Кабул әуежайы маңындағы шабуылдан зардап шегушінің туысы:
Жағдай өте нашар. Жарылыстан жараланғандар мен қаза тапқандарды судан шығарып алатын ешкім болған жоқ. Шетелдіктер жолды 1 сағатқа жапқаннан кейін адам өлімі көп болды. Қашып құтылуға мүмкіндік қалмады.
Жанкешті-лаңкестер бомбаны эвакуация рейстеріне мінуге жанталасқан адамдардың ортасында іске қосқан. Бұл қастандықтан 13 америкалық жауынгердің де өмірі қиылып, 18-і жараланған. Сонымен қатар, 28 тәліп қаза тапты. Бұған дейін әлем ақпарат құралдары әуежай маңында үшінші жарылыс болды деп хабарлаған-ды. Бұл мәлімет расталмады. Ал, Пентагон Ауғанстанда лаңкестік қауіп әлі сейілмей тұрғанын ескертіп отыр.
Фрэнк Маккензи, АҚШ қарулы күштері орталық қолбасшылығының жетекшісі:
"Даиштан" қауіп төніп тұрғаны туралы бірнеше күн бұрын айтқан едік. Оған куә болдық. Шабуылдардың қайталануы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз.
Қазір елден кету үшін Кабул әуежайы маңында жүздеген ауғандық жүр. Ал, жарылыстарға дейін олар авиациялық портқа мыңдап барған еді. "Талибанның" мұздай қаруланған жасақтары нөпір халықты ұшақтарға өткізбей жатыр. Соңғы деректерге сай, Ауғанстаннан 104 мың бейбіт тұрғын көшірілген. Олардың 66 мыңы АҚШ-қа кетсе, 37 мыңы Еуропа елдері мен Австралия, Канада тәрізді мемлекеттерден пана тапты. Айта кетсек, Ауғанстанда соңғы жылдары бірнеше рет шабуыл ұйымдастырған "Даиш-Қорасан" "Талибанды" бұған дейін әлемдік жиһадтан бас тартты деп айыптаған еді.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу