Аргентиналық ғалымдар «Спутник V» вакцинасының әсері жарты жылда күшеюі мүмкін екенін мәлімдеді. Мұны зерттеушілер бұрын коронавируспен ауырмаған адамдар арасында жүргізілген сынақ барысында анықтаған.
Бұл мемлекет өз тұрғындарына ресейлік екпені былтырғы жылдың соңында сала бастады. Содан бері аргентикалықтардың 60 пайызы иммундалған.
Ал, Үндістанның ересек тұрғындарының жартысынан астамы немесе 473 миллион адам екпе алған. Жыл соңына дейін бұл мемлекет барлық халықты вакциналаудан үмітті.
Үндістан ковид жұқтырудан әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Мұнда коронавирус 32 миллионнан астам адамнан табылып, осы инфекциядан кемінде 400 мың тұрғын қайтыс болды.
Ал, Грекия астанасы Афиныда медицина қызметкерлері вакцина алуды міндеттеуге қарсылық білдіріп, шеруге шықты. Демонстранттардың айтуынша, олар иммундалмаса, қыркүйектің 1-де жұмысқа кіре алмайды. Ал, үкіметтің мәлімдеуінше, коронавирустың ең қауіпті «дельта» варианты тарап жатқанда, елдің жаппай екпе салдырғаны аса маңызды.
Арыстан Рысбек