«Талибан» ел басқаратын кеңес құрмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Талибан» ел басқаратын кеңес құрмақ

25.08.2021

Ауғанстанды басып алған тәліптер ел басқаратын кеңес құратынын жариялады. Ал, мемлекеттің солтүстігіндегі жасақтар жаңа билікке бағынбайтынын ескертсе, «Үлкен жетілік» «Талибанның» Ислам әмірлігін мойындау үшін қоятын басты шарттарын атады. Кабул әуежайы болса, әлі хаостан арылған жоқ. Осындай шақта Біріккен Ұлттар Ұйымы елге ашаршылық қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Ауғанстанды басып алған «Талибан» қозғалысы елді басқаратын 12-адамдық кеңес құрмақ. Мұны жергілікті ақпарат құралдары хабарлады. Бұған дейін тәліптер барлық саяси күштерді қамтитын «инклюзивті ислам үкіметін» жасақтайтынын мәлімдеген еді. Ал,олардың билігіне сенбеген сан мың адам әлі де шетелге кетуге жанталасып жатыр. Жаңа лидерлер Батыс әскеріне өздерін және АҚШ пен НАТО-ға жұмыс істеген ауғандықтарды эвакуациялау миссиясын тамыздың 31-не дейін аяқтауды ескертті. Және де тәліптер қазір Вашингтонды елден талантты адамдарды әкетіп жатыр деп айыптап отыр.
Забихулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының ресми өкілі:
Тағы да, өкінішке орай, АҚШ ауғандықтарды ұшақтарға шақыру және оларды елден белгісіз мақсатпен эвакуациялау жөніндегі бұрынғы саясатын жалғастырып жатыр. Бұл алаңдаушылық туғызады және осыған байланысты біз америкалықтарды осы ұстанымын өзгертуге шақырамыз. Бізге таңдаулы адамдар, оқыған инженерлер, дәрігерлер, таланттар қажет. Олар басқа мемлекеттерге көшпеулері керек.
Бірақ, шетелге қашып жатқандардың сөзінше, олар үшін тәліптер қатаң заңдарымен қауіпті. Ал, елдің солтүстік-шығысында «Талибанның» қарсыластары жаттығу өткізіп жатыр. Радикалдық топтың қолына өтпеген жалғыз провинция – Панджшер содырлары берілмейтінін хабарлады. Бір кездері кеңес әскерімен, кейін тәліптермен соғысқан бұл күштерге әйгілі командир – Ахмад Шах Масудтың ұлы қолбасшылық етеді.
 «Талибанға» қарсы жасақтың мүшесі:
 Біз Парван, Каписа және солтүстіктің басқа жерлерінде тәліптерге соққы беріп, оларды өз жақтастарына аттандырдық. Бұл жолы да біз қарсылық көрсетіп, оларды қара бет қыламыз.
«Талибан» Панджшерді қоршауға алғанын хабарласа да, тараптар арасындағы қақтығыс болды деген ақпар түскен жоқ.
Айта кететін тағы бір жайт, Ауғанстанда соңғы 10 күнде тауар бағасы күрт өскен. Бұған доллардың қымбаттауы себепші. Бірікккен Ұлттар Ұйымының өзге бір дерегінше, қоймаларда қалған дәрі-дәрмектің қоры бір аптаға ғана жетуі мүмкін. Ал, ашаршылық қаупіне душар болған ауғандықтар 12 миллионға таяп қалған. «Үлкен жетілік» болса, видеоконференция өткізіп, Ауғанстандағы жағдайды талқылады. Бұл топқа АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Жапония, Италия кіреді.

Олардың лидерлері «Талибан» адам құқықтарын қорғап, терроризммен күресіп, қауіпсіздік пен заң үстемдігін қамтамасыз еткенде ғана оның билігін мойындауға әзір екендерін мәлімдеді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу