«Талибан» ел басқаратын 12-адамдық кеңес құрмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Талибан» ел басқаратын 12-адамдық кеңес құрмақ

25.08.2021

Ауғанстанды басып алған «Талибан» қозғалысы елді басқаратын 12-адамдық кеңес құрмақ. Мұны жергілікті ақпарат құралдары хабарлады. Бұған дейін тәліптер барлық саяси күштерді қамтитын «инклюзивті ислам үкіметін» жасақтайтынын мәлімдеген еді.

Ал,олардың билігіне сенбеген сан мың адам әлі де шетелге кетуге жанталасып жатыр. Жаңа лидерлер Батыс әскеріне өздерін және АҚШ пен НАТО-ға жұмыс істеген ауғандықтарды эвакуациялау миссиясын тамыздың 31-не дейін аяқтауды ескертті.

Ал, елдің солтүстік-шығысында «Талибанның» қарсыластары жаттығу өткізіп жатыр. Радикалдық топтың қолына өтпеген жалғыз провинция – Панджшер содырлары берілмейтінін хабарлады. Бір кездері кеңес әскерімен, кейін тәліптермен соғысқан бұл күштерге әйгілі командир – Ахмад Шах Масудтың ұлы қолбасшылық етеді. «Талибан» Панджшерді қоршауға алғанын хабарласа да, тараптар арасындағы қақтығыс болды деген ақпар түскен жоқ. Айта кететін жайт, Ауғанстанда соңғы 10 күнде тауар бағасы күрт өскен. Бұған доллардың қымбаттауы себеп. Бірікккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, қоймаларда қалған дәрі-дәрмектің қоры бір аптаға ғана жетуі мүмкін.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу