Пандемия кезінде әлемде 800 мыңға жуық бала жетім қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пандемия кезінде әлемде 800 мыңға жуық бала жетім қалған

25.08.2021

Коронавирус пандемиясы салдарынан басталған экономикалық құлдырау былтыр 267 мың нәрестенің өліміне себеп болған. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, сәбилер негізінен табысы орта және төмен елдерде көп қырылған. Тағы бір деректерге сүйенсек, COVID-19 эпидемиясы кезінде 800 мыңға жуық бала жетім қалған.

Ал, АҚШ-та  «Дельта» штамын жұқтырып, ауруханаға түскендер мен онымен байланысты өлім-жітім көбейді. Инфекция, әсіресе, Флорида, Миссиссипи, Луизиана және Техас штаттарында өршіп барады. «Рейтердің»  мәліметіне сай, соңғы апталарда Құрама Штаттарда коронавирусты күн сайын 150 мыңнан астам адам жұқтырып, 1000 адам қайтыс болған. Елдің денсаулық сақтау өкілдері пандемияны бақылауға алу үшін тұрғындардың көбі вакцина алуы қажет екенін мәлімдеді.

Австралия билігі де халықты иммундауды жылдамдатуға үндеп отыр. Елде вирус жұқтырғандар саны өсіп, ауруханаларға мөлшерден тыс салмақ түсті.

Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында екі айлық локдаунға қарамастан  «Дельта» штамына шалдыққандар көбейіп кеткен. Қазір елде коронавирустың үшінші толқыны жүріп жатыр. Осыған орай Австралияның 25 миллион тұрғынының жартысынан көбі қатаң карантин режимінде өмір сүруге мәжбүр. 

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу