Ауғанстандағы ахуал қандай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауғанстандағы ахуал қандай

18.08.2021

Ауғанстанды бақылауға алған «Талибан»  қозғалысының саяси лидерлері елге оралып, бірінші баспасөз мәслихатын өткізді. Олар инклюзивтік ислам үкіметін құратынын жариялап отыр. Ал, «Нью-ЙоркТаймс» газетінің мәліметінше, тәліптер Жалалабадта бүгін өткен шеру кезінде демонстранттар мен журналистерге күш қолданған. Әйгілі дала командирі Ахмад Шах Масудтың ұлы болса, "Талибанға" қарсы күреске кірісті. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.

Ауғанстанды басып алған «Талибан» қозғалысының саяси лидерлері 10 жылдан бері алғаш рет еліне оралды. Олар мінген ұшақ өткен тәулікте Катардан жетті. Араларында осы ұйымды құрушылардың бірі Мулла Абдул Барадар да бар. Бұрын көзден таса өмір сүрген тәліптер жетекшілері өздерін әлемге көрсетуді жөн көрген. «Дүние жұрты бізді бірте-бірте тани берсін. Құпия ештеңе қалған жоқ», - дейді радикалдардың өкілдері. Және де бұл қозғалыс билікті қолға алғалы бірінші рет баспасөз маслихатын өткізді. Конференция барысында олар шариғат заңдары аясында әйелдердің білім алуына, жұмыс істеуіне рұқсат беретінін, ұлт мүддесіне қайшы келмесе, сөз бостандығын да құрметтеуге уәде берді. Кейбір бақылаушылардың пікірінше, тәліптер 1990-шы жылдардағы қатаң ережелерін жұмсартуға мүдделі. Cонымен қатар, олар Ауғанстанда барлық саяси күштер кіретін инклюзивтік ислам үкіметін құратынын жариялай отырып, өздеріне қарсы шыққандардың барлығына кешірім жасайтындарын да мәлімдеді.
Забихуллах Муджахид, «Талибан» қозғалысының ресми өкілі:
Мен ескерте кетейін, бәріне кешірім жасалады. Себебі, Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық үшін рақымшылық қажет. Бізге қарсы шыққан барлық топтар кешіріледі.
Атыс тоқтап, халық күнделікті өмірге орала бастағанымен, Ауғанстан тұрғындарында үрей, қорқыныш басым. Көшелерде әйелдер көп көрінбейді. Кейбір нәзік жандылар жұмысқа шықпаған. Ал, «Нью-ЙоркТаймс» газеті таратқан мәліметке сүйенсек, тәліптер Жалалабадта бүгін өткен шеруге зорлық-зомбылықпен жауап берген. Радикалдық топ демонстранттар мен журналистерге оқ атып, оларды соққыға жыққан. Әзірге, қақтығыстан жапа шеккендер туралы ақпарат жоқ. Сонымен бірге, Кабулде бір топ әйел шеруге шығып, тәліптердің билігін қолдамайтынын білдірді. Ал, ондаған мың адам елден кетуді армандайды. Бірақ, болашаққа үміт артып отырғандар да баршылық.
Насир Ахмад, Кабул тұрғыны:
Елдің болашақ басшылары қаруларын тастап, ауған халқына бейбітшілік пен тұрақтылық әкеледі деп үміттенемін.
Тағы бір айта кететін жайт, Ауғанстанда тәліптердің бақылауына өтпеген Панджшер провинциясында қарсылық жалғасып жатыр. Оны әйгілі дала командирі, ұлт батыры - марқұм Ахмад Шахтың Масудтың ұлы Ахмад Масуд пен өзін уақытша президент деп жариялаған вице-президент Амрулла Салех ұйымдастырған. Бұған қоса, оларға жақында Өзбекстанға қашқан дала командирі Абдулла Рашид Дустумның күштері де қосылды деген ақпарат бар. 

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу