«Талибан» лидерлері Ауғанстанға оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Талибан» лидерлері Ауғанстанға оралды

18.08.2021

Ауғанстанды басып алған «Талибан» қозғалысының саяси лидерлері 10 жылдан бері алғаш рет еліне оралды. Олар мінген ұшақ өткен тәулікте Катардан жетті.

Араларында осы ұйымды құрушылардың бірі Мулла Абдул Барадар да бар. Бұрын көзден таса өмір сүрген тәліптер жетекшілері өздерін әлемге көрсетуді жөн көрген. «Дүние жұрты бізді бірте-бірте тани берсін. Құпия ештеңе қалған жоқ», - дейді радикалдардың өкілдері.

Тағы бір айта кететін жайт, бұл қозғалыс билікті қолға алғалы бірінші рет баспасөз маслихатын өткізді. Конференция барысында олар шариғат заңдары аясында әйелдердің білім алуына, жұмыс істеуіне рұқсат беретінін, ұлт мүддесін қайшы келмесе сөз бостандығын да құрметтеуге уәде берді.

Кейбір бақылаушылардың пікірінше, тәліптер 1990-шы жылдардағы қатаң ережелерін жұмсартуға мүдделі. Cонымен қатар, олар Ауғанстанда барлық саяси күштер кіретін инклюзивтік ислам үкіметін құратынын жариялай отырып, өздеріне қарсы шыққандардың барлығына кешірім жасайтындарын да мәлімдеді.

Забихуллах Муджахид, «Талибан» қозғалысының ресми өкілі:
Мен ескерте кетейін, бәріне кешірім жасалады. Себебі, Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық үшін рақымшылық қажет. Бізге қарсы шыққан барлық топтар кешіріледі.

Әлем ақпарат құралдарының хабарлауынша, билік ауысқаннан кейін Кабулде тыныштық орнап жатыр. Бұған қоса, қалада халық қайта көшеге шығып, көліктер бұрынғыдай жүре бастаған.

Айта кетсек, «Талибан» Ауғанстанда ең алдымен бейбітшілік орнатуды қалайтынын айтқан еді.

 Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу