Түркияның Қара теңіз жағалауында су тасқыны мен лай көшкінінен мерт болғандардың саны 27-ге жетті. Евроньюстің мәліметінше, тағы бір адам із-түссіз жоғалған. Табиғи апат елдің Бартин, Кастамону, Синоп және Самсун провинцияларында болды. Бірнеше үй мен көліктерді шайып кеткен. 6 бірдей көпір құлап, жолдар жабылды. Кейбір ауылдарда электр жарығы өшіп, су жүйесі істен шыққан. Түркияның солтүстігінде тасқынның салдарымен күрес жүріп жатса, елдің оңтүстік бөлігінде өрт сөндірушілер лапылдаған жалынды өшіруге күш салып жатыр.
Ал, Жапонияда күшті нөсер жауын жауып, 3 миллиондай тұрғын қауіпсіз жерге көшу туралы ескерту алды. Рейтердің хабарлауынша, елдің Фукуока, Нагасаки, Сага, Оита тәрізді бірнеше аймағында сел жүруі мүмкін. Жапон үкіметі табиғи апатпен күресу үшін арнайы бақылау орталығын құрды. Ауа-райын бақылаушылар жауын апта соңына дейін толастамайтынын ескертіп отыр.
Арай Төлегенқызы