Тәліптер Қандағар қаласын басып алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәліптер Қандағар қаласын басып алды

13.08.2021

Оңтүстікте орналасқан бұл шаһар бір кездері тәліптер үшін негізгі бекініс әрі маңызды сауда хабы саналды.

«Талибан» қозғалысы Ауғанстанның екінші ірі қаласы Қандағарды басып алды. Оңтүстікте орналасқан бұл шаһар бір кездері тәліптер үшін негізгі бекініс әрі маңызды сауда хабы саналды. Және де Батысқа арқа сүйеген билікті құлатып, ислам әмірлігін құру жолында соғысып жатқан радикалдық ұйым Лашкар Гах қаласын да бақылауға алған. Осылайша, «Талибан» 34 провинцияның үштен бірінің астанасын бағындырып отыр.

Тәліптер басымдық байқатып, үкімет армиясы ірі қалалардан айрылып жатқанда, АҚШ өз елшілігі қызметкерлерін эвакуациялау үшін Кабул әуежайына 3 мыңдай жауынгер жіберетін болды. Ал, Британия 600 сарбаз аттандырмақ.

Дегенмен, Құрама Штаттардың Мемлекеттік департаменті бұл жағдайды «Америка Ауғанстанды тастап кетіп барады» деп сипаттауға қарсылығын білдіріп отыр.

Нед Прайс, АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы:
Бұл тастап кету емес. Бұл эвакуация да емес. Бұл тұтастай кету де емес. Бұл – азаматтық қызметкерлер санын азайту ғана. Олардың жұмысын көп жағдайда Құрама Штаттарда немесе аймақтың өзге жерлерінде жүріп те атқаруға болады.

Соғыстан Ауғанстан қазір гуманитарлық дағдарысқа тап болды. Бірікен Ұлттар Ұйымының дерегінше, өткен айдың өзінде қарулы қақтығыстардан мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тауыпты. Тағы жүздеген мың адам үйлерін тастап кеткен. Олар көшелерде, парктерде түнеуге мәжбүр. Ал, Кабулге бас сауғалап барғандардың 72 мыңы – балалар.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу