Тәліптер бір аптада 10 провинцияның астанасын басып алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәліптер бір аптада 10 провинцияның астанасын басып алды

12.08.2021

Тәліптер бір аптаның ішінде Ауғанстандағы он провинцияның астанасын басып алды. Бүгін стратегиялық маңызы зор Газни қаласы да олардың қолына өтті. Бұл шаһар Кабул-Қандағар трассасының бойында орналасқан. «Талибанның» оңтүстіктегі бекіністерін Кабулмен жалғастырып отыр.

Батысқа арқа сүйеген үкіметті құлатып, ислам әмірлігін құру жолында соғысып жатқан діни қозғалыс Қандағар провинциялық түрмесін басып алып, жүздеген қылмыскерді босатып жіберген. Қарулы ұйым мамырда АҚШ пен НАТО әскерлері елден кете бастағаннан бері шабуылдарды үдеткен. Ел аумағының үштен екі бөлігін бақылауға алып үлгерді. Үкімет армиясы мен тәліптер арасындағы соғыс күшейгелі, Ауғанстандағы гуманитарлық жағдай нашарлап барады.

Стефан Дюжжарик, БҰҰ бас хатшысының өкілі:
Ауғанстандағы гуманитарлық ахуал жайлы жаңа мәліметтерге жүгінсек, жыл басынан бері 390 мыңға жуық адам бүкіл ел бойынша қақтығыстардың әсерінен қоныс аударған. Мамыр айынан бастап олардың саны күрт көбейді. Босқындарға азық -түлік, тұрмыстық заттар, су мен санитарлық көмек беріліп жатыр. Көб адам Кабулда достары мен туыстарын паналап жатса, талай тұрғын далада түнеуге мәжбүр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының өзге бір мәліметінше, Ауғанстанда қазір 18 миллиондай адам гуманитарлық жәрдемге мұқтаж. Тағы мың шақтысы соңғы бір айда мерт болған. Ал, үйлерін тастап Кабулге қашқандар саябақтар мен көшелерде күн кешіп жатыр. Олардың арасында балалар өте көп.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу