Италияның Сицилия аралында күн 48,8 градусқа дейін ысыды. Бұл - Еуропада соңғы 40 жылда тіркелген ең жоғарғы ауа температурасы. Күннің шыжуына Африкадан жеткен Люцифер антициклоны ықпал еткен. Ол Римді қоса алғанда Италияның солтүстігіндегі 15 қалаға аптап ыстықты жеткізуі мүмкін.
Жерорта теңізі аймағында сынап бағанасының тым көтерілуі елдің оңтүстігінде орман өртінің өршуіне себепші. Рейтердің мәліметінше, соңғы 12 сағатта Сицилия мен Калабрияда 300-ден астам өрт сөндіру операциясы жүргізілген.
Ал, Тунис астанасында температура +49 градусты көрсетіп тұр. Сондықтан, мемлекеттің кейбір бөліктерінде электр жарығы өшіп қалған. Себебі тұрғындардың көбі желдеткіштерін қосып, энергия жүйесіне салмақ түсіріп отыр. Бұған қоса, Тунистің батысында ыстықтан орман өртене бастады.
Арай Төлегенқызы