Оңтүстік Кореяда бір күнде ковид жұқтырғандар саны 2200-ден асты
Ұлыбританияда ересектердің 75 пайызы коронавирусқа қарсы вакциналанған. 89 пайызы екпенің бірінші компонентін алған. Ел премьері Борис Джонсон нәтижені жоғары бағалап, тұрғындардың өмірін сақтап қалуда маңызы зор екенін атап өтті. Ал, Кембридж университеті ғалымдарының есебінше, уақтылы иммундау 60 мыңдай адамның өмірін сақтап қалуға сеп болды. 22 миллиондай вирус жұқтыру оқиғасының алдын алуға және 67 мың адамның ауруханаға түспеуіне мүмкіндік берді.
Германияда коронавирусты анықтауға арналған экспресс-тестілер ақылы болмақ. Ал, денсаулығына байланысты вакцина алуға тыйым салынғандар, жүкті әйелдер мен 18 жасқа толмағандар тестті тегін тапсырады. Германия канцлері Ангела Меркель індет жұқтыру оқиғаларының өсуіне вакцина алмағандарды айыптап отыр.
Ангела Меркель, Германия канцлері:Германия федеративтік республикасының әр тұрғынына кешенді түрде вакциналануды ұсына отырып, қазанның 11-нен бастап коронавирус тестілерін тегін жүргізуді тоқтатамыз. Бұл екпе алуға тиіс адамдардың барлығын қамтиды. Ал, мүгедек жандар немесе басқа да себептерден екпе салуға болмайтындарға тест тегін болады.
Ал, Оңтүстік Кореяда бір күнде ковид жұқтырғандар саны 2200-ден асты. Бұл - пандемия басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш. Елде бір айдан астам уақыт қатаң шектеу шаралары сақталып отыр. Осыған қарамастан, дельта штамы жылдам тарап жатыр. Коронавирусты жұқтыру жұмыс орындары, жабық спорт залдары мен шіркеулерде көптеп тіркелген. Бұған қоса, халықтың көбі әлеуметтік арақашықтық ережелерін сақтамайды.
Құрлықтық Қытайда тұрғындарға коронавирусқа қарсы 1,80 миллиард дозадан астам вакцина салынған. Қазір елде халықты жаппай иммундау жалғасып жатыр. Айта кетер болсақ, маусымда Қытай эпидемиологтары ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін ел тұрғындарының 80-85 пайызы толық вакцина алуы тиіс деп мәлімдеген еді.
Ал, Филиппин аралдарында екпе алмағандар үйден шығарылмайды деген қауесет тарап, халық жаппай вакциналау орталықтарына жүгірді. Осыған орай екпе жасайтын нысандардың саны күрт артып, тіпті мектептер мен стадиондар уақытша вакциналау пункттеріне айналған. Рейтердің мәліметінше, аралдық мемлекеттің 110 миллион тұрғынының небәрі 6 пайызы ковидке қарсы толық вакциналанған. Үкімет жыл соңына дейін 70 миллион адамды иммундауды жоспарлап отыр.
Арай Төлегенқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы