Ауғанстанда «Талибан» қозғалысының жасақтары үш провинцияның астанасын басып алды. Олар солтүстік-шығыстағы Бадахшан және Бағлан, батыстағы Фарах аймағының орталықтары. Осылайша, бір апта ішінде елдегі 34 провинцияның тоғызы тәліптердің қолына өтті. Кабулге әзірше қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда, Еуропа одағы өкілдерінің мәлімдеуінше, батысқа арқа сүйеген үкіметті құлатып, ислам әмірлігін құруды көздеген «Талибан» Ауғанстан аумағының 65 пайызын немесе 400 уездің 230-ын бақылауға алыпты. АҚШ пен НАТО әскерлері мамырда елден кете бастағаннан кейін радикалдық ұйым шабуылды жиілетті. Содан бері жүздеген мың бейбіт тұрғын үйлерін тастап кетті. Ал, соңғы екі аптада Кабулдегі парктердің біріне елдің солтүстігінен 17 мыңдай адам қашып барған. Соңғы үш күнде кемінде 27 адам мерт болды.
Арыстан Рысбек