Эвиа аралында өрт өршіп, 2 мыңдай адам эвакуацияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эвиа аралында өрт өршіп, 2 мыңдай адам эвакуацияланды

09.08.2021

Грекияның Эвиа аралында орман өрті дес бермей, 2 мыңнан астам тұрғын теңіз арқылы қауіпсіз жерге көшірілді. От мұнда мыңдаған гектар аумақты шарпыған. Жергілікті биліктің сөзінше, лапылдаған жалынды сөндіруге көмек жеткілікті көрсетілмей, аралдың кейбір бөліктері күлге айналған. Бұның бәріне елдегі соңғы 30 жылдағы ең ыстық ауа-райы себепші. Өткен аптада басталған өрттен орман алқаптары, тұрғын үйлер және кәсіпорындар жанып, мал қырылды.

Ал, Түркияда өртпен күрес 12-ші күнге ұласты. Екі аптаға жуық уақытта от Жерорта және Эгей теңіздері жағалауындағы мыңдаған гектар жасыл желекті шарпып үлгерген. Тілсіз жаудың екпінінен 8 адам қаза тапты.

Мәрмәр және Бодрум туристік курорттары орналасқан Мұғла провинциясын мыңдаған тұрғын мен турист тастап кетті. Жергілікті билік тағы 36 мың адамды қауіпсіз жерге көшіру қажеттігін айтып отыр.

АҚШ-тың Калифорния штаты болса, шілденің ортасынан бері "Дикси" өртімен күресіп жатыр. Бүгінге дейін 130 мың гектар орман жойылған. Аптап ыстық, жел мен қуаңшылық оттың жылдам тарауына себепші. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Дегенмен, үш адам жоғалып кеткендер тізімінде. "Рейтер" агенттігінің мәліметінше, 14 мыңдай нысанға өртеніп кету қаупі төніп тұр.

Тағы бір айта кететін жайт, Біріккен Ұлттар Ұйымының ғалымдары климаттың өзгеруіне қатысты тарихи баяндама жасады. 42 беттен тұратын құжатта әлемнің түрлі аймақтарында болып жатқан өрт, су тасқыны тәрізді апаттарға адамның әрекеті себепші екені айтылған. 

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу