Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 192 миллионнан асты. 4 миллион жүз мыңдай адам қайтыс болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сай, жаһанда қауіпті індетке қарсы 3 миллиард 500 миллионнан астам вакцина салынған. Германияда екпе алмағандардың қозғалысы шектелуі мүмкін. Ал,Пәкістан вакциналанбаған азаматтарының ұшаққа мінуіне тыйым салып отыр.
Германияда вакцина салмаған тұрғындардың еркін жүріп-тұруы шектелуі мүмкін. Нақтырақ айтсақ, олардан өзгелермен қарым-қатынасты азайту талап етіледі. Сонымен бірге, екпе алмағандардың мейрамхана, кинотеатр және спорт алаңдарына баруына тыйым салынбақ. Бұған елде коронавирус жұқтырғандар санының өсуі себеп болып отыр.
Еуропа одағы өзінің ересек тұрғындарының басым бөлігін жаздың соңына дейін вакциналау мақсатына жетуге жақын. Аймақ елдерінде халықтың 70 пайызы коронавирусқа қарсы иньекцияның 1-ші компонентін, ал 57 пайызы екі дозасын да алған.
Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия төрағасы:
Жаздың соңына дейін тұрғындарды вакциналауға қатысты жоспар орындалады. "Дельта" штамы аса қауіпті, сол себепті мен барша жұртты екпе салдыруға үндеймін. Бұл өзіңді және өзгелерді қорғау үшін қажет".
Ал, Пәкістан әлемде алғашқы болып вакцина салмағандардың ұшуына тыйым салды. Мұны елдің Ұлттық командалық-жедел орталығы мәлімдеп отыр. Тамыздың 1-нен бастап күшіне енетін шектеу тек ішкі рейс жолаушыларын қамтиды.
XXXII Жазғы Олимпиада өтіп жатқан Токиодағы атлеттер ауылында бүгін коронавирус тағы 7 адамнан анықталды. Осылайша, мұнда шілденің 1-нен бері ойындарға қатысы бар 155 тұлға инфекцияға шалдыққан. Сонымен бірге, Жапония астанасында Олимпиада басталғалы коронавирус жұқтырғандарудан рекорд жаңартылып, Токиода бір тәулікте қауіпті ауру 3 мыңға жуық адамнан табылған.
Ёсихидэ Суга, Жапония премьер-министрі:
Шектеу шараларына байланысты адамдар далаға аз шығады. Жазғы ойындарды тоқтатуға негіз жоқ. Олимпиада және Паралипиада өтіп жатқан уақытта тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға, мейлінше үйде отыруға шақырамын.
Индонезияда соңғы бір айда коронавирустан жүздеген бала қайтыс болды. «Нью-Йорк Таймс» газетінің мәліметінше, сол бүлдіршіндердің көбі 5 жасқа толмаған. Жалпы, бұл елде коронавирустан қайтыс болғандардың 12,5 пайызы - балалар екен. Жеткігшектердің арасында өлім-жітімнің көбеюіне "дельта" штамының өршуі себеп. Соңғы мәліметтерге сай, бір тәулікте Индонезияда 50 мың адам ковид жұқтырып, 1500-ден астамы осы індеттен қаза тапқан.
Арай Төлегенқызы