Ұлыбританияда коронавирустың жаңа мутациясы пайда болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда коронавирустың жаңа мутациясы пайда болды

25.07.2021

Ұлыбританияда дәрігерлер коронавирустың жаңа мутациясын анықтады. Оған В.1.621 атауы берілген. Жаңа штамм шет елдерге сапарлаған 16 адамнан анықталды. Қазір мамандар оның әсерін анықтау үшін зертханада сынақ жүргізіп жатыр. Британ үкіметінің мәліметіне сай, елде соңғы тәулікте 31 мың 795 адам вирус жұқтырған.

Ал, Жапония астанасындағы Олимпиада ауылында ковид жұқтырудың жаңа екі фактісі тіркелді. Осылайша, шілде басталғалы бері коронавирус спорттық шараға қатысы бар 132 адамнан анықталып отыр. Жалпы, ел аумағында сенбіде 3574 адам ковид жұқтырып, 8 адам қайтыс болған.

Малайзияда аса қауіпті «Дельта» штамы өршіп барады. Елдің денсаулық сақтау министрілігінің мәліметінше, вирус жұқтырғандар саны 1 миллионнан асқан. Пандемиямен күрес ретінде маусымнан бері вакциналау қарқынды жүріп, ел аумағында қатаң локдаун шаралары енгізілді. Желтоқсанға дейін тұрғындардың 80 пайызына екпе салу көзделіп отыр.

Ал, Вьетнамда үшінші күн қатарынан ковид жұқтырудың рекордтық көрсеткіші тіркелді. Сенбіде қауіпті індет 8 мыңға жуық адамнан анықталған. Осыған орай Вьетнам астанасы Ханойда 15-күндік локдаун жарияланды. Бұл күндері үкіметтік мекемелер, ауруханалар мен супермаркеттерден басқа қоғамдық орындар жұмыс істемейді. 

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу