Жүргізуші: Бүгінгі сайлауда Ақмола облысында 95 әкім сайланбақ. Бұл республика бойынша өңірлер арасында ең көп көрсеткіш. Қазір аудандық маңызы бар 2 қалада, 6 кентте, 87 ауылдық округте барлығы 218 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Облыста әкім лауазымына 290 кандидат тіркелген. Оның 89-ы - саяси партиялар атынан, 201-і өзін-өзі ұсынғандар. Өңірде 100 мыңнан астам сайлаушы өз таңдауын жасауға құқылы. Зеренді ауданының Шағалалы ауылының тұрғындары да дауыс беріп жатыр. Мұнда 1300-ге таяу сайлаушы бар.
Айтжан Құдабаев, Шағалалы ауылының тұрғыны:
Бұл өте маңызды мәселе. Неге десеңіз, біз сайлаған әкім, осы біздің округты көтеруге, осы округ туралы жанашыр, осы ауылды көтеретін азамат болса деп тілейміз. Таңдаған әкіміміз біздің ойдан шығады деп, келешекте осы елімізге, ауылымызға, ауданымызға үлкен жұмыс үлес қосады деп ойлаймыз.
Ал Қарағанды облысында тұрғындар 149 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр. Саяси науқан нәтижесінде 75 әкім таңдалмақ. Жалпы, облыста әкімдер сайлауына 260-қа жуық үміткер тіркелген. Өңірде 81 мыңнан астам сайлаушы бар. Тұрғындардың көбі өз таңдауларын жасап үлгерді. 9 мыңнан астам халқы бар Ақтас кентінде сағат 17.00-ге дейін сайлаушылардың 65 пайыздан астамы дауыс берді. Абай ауданы Топар кентінің жұртшылығы да белсенді.
Бансет Салықов, Топар кентінің тұрғыны:
Бұл негізінен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «халықты тыңдайтын үкімет» концепциясының орындалуының бір тармағы ғой. Сондықтан да ол үлкен мәдени-саяси шара. Дауыс беруіміз керек. Әкімді өзіміз сайласақ, әкім халыққа да жақын болады.
Ермек Елберген