ДДСҰ: Коронавирустың шығу себебін зерттеу ашық болуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ДДСҰ: Коронавирустың шығу себебін зерттеу ашық болуы тиіс

16.07.2021

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытай билігін коронавирустың шығуын зерттеуде ынтымақтастық танытпай отыр деп айыптады. Халықаралық ұйым басшысы Тедрос Гебрейесустың сөзінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары Ухандағы инфекцияға қатысы бар материалдар мен нысандарға жіберілуі тиіс. Коронавирустың неден пайда болғанына қатысты тергеудің бірінші сатысы ақпанда аяқталды. Комиссия вирустың зертханадан тарауы мүмкін екенін мәлімдеген. Ресми Бейжің болса, вирус лабораториядан шықты деген болжамды жоққа шығарып, одан саяси астар іздемеуге шақырды. Дегенмен, бейсенбіде Тедрос Гебрейесус бұл нұсқаны елемеу әлі ерте екенін алға тартты.

Тедрос Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы:
Мен өзім зертханада жұмыс істедім, иммунологпын, сол себепті лабораторияда түрлі жағдайлардың болатынын білемін. Өзімнің де қателескен тұстарым болды. Сондықтан Қытайды ашық болуға үндеп, Ухандағы зертханада пандемияға дейін және індет басталып жатқан кездегі жағдайға қатысты нақты мәлімет беруін сұраймыз.

Әлемде «Дельта» штамы өрши түсті. Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде қауіпті инфекцияның мутацияланған түрі жылдам тарап барады. Эпидахуалдың нашарлауына вакциналаудың баяу жүруі себепші. «Рейтер» агенттінің мәліметінше, Оңтүстік Шығыс Азия халқының 9 пайызы ғана ковидке қарсы екпе алған. Өңірде өлім-жітім 39 пайызға артты. Малайзияда бір тәулікте коронавирус 13 мың адамнан анықталған. Бұл пандемия басталғалы бергі ең үлкен көрсеткіш.

Ал, Индонезияда соңғы бір тәулікте ковидті 56 мың адам жұқтырған. Карантин шаралары күшейтілгеніне қарамастан, инфекцияның тарауын тоқтату қиынға соғып тұр. Ковидке шалдығу фактілерінің көбеюінен елдің денсаулық сақтау саласына ауыртпалық түсті.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу