Каталонияда коменданттық сағат жарияланбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каталонияда коменданттық сағат жарияланбақ

15.07.2021

Әлем коронавирустың үшінші толқыны алдында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп мәлімдеді. Инфекцияның жылдам тарауына вирустың мутацияланған «Дельта» штамы себеші. Коронвирустың бастапқы түріне қарағанда жаңа штамм екі есе қауіпті әрі өте жұқпалы. Осыған орай әлем елдері шектеу шараларын күшейтіп жатыр.

Испанияда эпидахуал қайта нашарлады. Пандемия басталғалы елде қауіпті инфекцияны жұқтырғандар саны 4 миллионнан асқан. Каталония билігі 158 қала мен ауылда коменданттық сағат жарияламақ. Мұнда вирус вакцина алмаған тұрғындар арасында жылдам тарап жатыр. Аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан науқастардың 77 пайызы - екпе алмағандар. Бұған қоса, коронавирус жұқтырғандардың 84 пайызынан «Дельта» штамы анықталып отыр

Пере Арагонес, Каталония үкіметінің басшысы:
Жағдай өте тұрақсыз. Денсаулық сақтау саласына түскен ауыртпалықты жеңілдету үшін шектеу шараларын күшейтуге мәжбүрміз.

Ал, Австралия тұрғындарының жартысына жуығы «Дельта» штамының өршуіне байланысты үйде отыруға мәжбүр. Көшеге тек аса қажет болған жағдайда шығуға рұқсат етілген. Бүгіннен бастап елдің Виктория штатында бес күндік локдаун енгізілді. Сәрсенбіде Сидней қаласы қарайтын Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында шектеу шаралары екі аптаға ұзартылған еді.

Дэниел Эндрюс, Виктория штатының премьер-министрі:
Виктория штатында қатаң шектеу шаралары күшіне енеді. Өкініп қалмас үшін бәрін өз уақытында қолға алған дұрыс. Бескүндік локдаунды енгізбесек, 5 апталық немесе бес айлық шектеу шараларын жариялауға мәжбүр болуымыз мүмкін.

Ал, Франция президенті Эммануэль Макрон шілденің 21-нен бастап елде дүкен, бар, кинотеатрға кіру үшін вакциналау туралы анықтама қажет болады деп мәлімдеді. Бұған қоса, қыркүйектің ортасына дейін елдің барлық медициналық қызметкері екпе алуға міндетті. Айта кетері, Францияда инфекцияның мутацияланған «Дельта» штамы өршіп, коронавирус жұқтырғандардың саны көбейіп жатыр. Мамандар вирустың тарауын тоқтату үшін тұрғындардың 95 пайызы вакциналануы тиіс дейді. Соңғы мәліметтерге сай, Францияда коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын халықтың 40 пайызы ғана алған.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу