Ауғанстан әскері бүгін елдің батысындағы Түркіменстанмен шекаралас Бадғис провинциясының астанасы Қала-и-Нау шаһарын тәліптерден қайтарды. Сонымен қатар, биліктің армиясы «Талибанның» 69 мүшесін жойғанын хабарлап отыр.
Тағы бір айта кететін жайт, ауған арнайы күштері қазір елдің солтүстігіндегі Құндыз қаласынан тәліптерді ығыстыру опрациясын жүргізіп жатыр. Бұл аймақтан соңғы күндері Тәжікстан жеріне мыңнан астам жауынгер қашты. Олар Ауғанстанға өзге жолмен қайтарылғаннан кейін радикалдық ұйыммен соғысқа қайта жұмылдырылып жатыр. Ауғанстандағы жағдайға байланысты ресми Душанбе Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымынан көмек сұрап отыр.
АҚШ пен НАТО Ауғанстандағы контингенттерін қыркүйектің 11-не дейін әкететінін сәуірде жариялады. Бірақ, сол шетелдік жауынгерлердің 90 пайызы қазірдің өзінде шығарылып болған. Ал, тәліптер коалициялық күштер мамырда кете бастағаннан бері елдің 34 провинциясында 200-дей ауданды басып алғанын хабарлап отыр.
Арыстан Рысбек