Канаданың батысында аптап ыстықтан орман өртеніп, су электр станциясы айтарлықтай зақымданды. КСМ: Сонымен қатар, тілсіз жау Британдық Колумбия провинциясының Литтон қалашығының 90 пайызын күлге айналдырған. Сондықтан, мың шақты адамды эвакуациялауға тура келді. Бұл аймақ қытымыр қысымен белгілі. Бірақ, кейінгі бес күнде өңірде ауаның температурасы 50 градусқа дейін ысып, 486 адам кенеттен қайтыс болды. Синоптиктердің дерегінше, Британдық Колумбияда соңғы рет 1937 жылы сынап бағанасы 45 градусқа дейін көтерілген екен.
Ал, АҚШ-тың Орегон штатында ыстықтан жан тәсілім еткендердің саны 79-ға жетті. Олардың көбі желдеткіш орнатылмаған пәтерлерінде жалғыз өлген. Осыған байланысты Портланд қаласында салқындату орталығы ашылды. Ал, Вашингтон штатында 20 -дан астам тұрғын мерт болды. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, мұнда да құрбандар саны әлі көбеюі мүмкін.
Арыстан Рысбек