Павлодар облысында фитосанитария қызметінің қателігінен картоп кеш егілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында фитосанитария қызметінің қателігінен картоп кеш егілді

30.06.2021

Павлодар облысында бірқатар шаруашылықтар картопты бір жарым айға кеш егіп жатыр. Себебі, еліміздегі фитосанитария қызметі көкөністен аса қауіпті «Зебра чип» бактериясы табылды деп қате қорытынды жасаған. Бірақ, аймақтағы шаруа қожалығы Германиядан әкелінген тұқымның таза екендігін сотта дәлелдеп шықты. Өңірдегі меншікті тілшіміз мән-жайды анықтады.

 Болат Аманбаев, тілші:
Павлодар өңірінде картоп мамыр айының басында егіледі. Міне көріп отырсыздар гүлдеп тұр. Ал, маусымның аяғында салынған тұқым қаншалықты өнім береді? Қыркүйекке дейін жетіліп үлгереді ме? Басқа амал болмағандықтан ғана шаруалар тәуекелге бел буған.

Германиядан 55 млн. теңгеге сатып алынған 120 тонна элиталық картоп тұқымы 1,5 айдан бері қоймада босқа жатты. Өнім сапасын жоғалтты, бірақ екпеске амал жоқ дейді мамандар.

Александр Клёвин,  агроном:
Маусымның 30, далада 30 градус ыстық. Бұл кезде картоп егу өңірде бұрын-соңды болмаған. Уақыттан ұтылдық-деп таза тұқымды тастай алмадық. Күзде кеш жинауға тура келеді. Суық ерте түссе үсіп кетеді.

Елдегі фитосанитария қызметі элиталық картопта аса қауіпті зебра чип бактериясы бар деп мерзімінде егуге рұқсат бермеген. Алайда, импорттық өнімнің таза екендігі сотта дәлелденіп, көкөністің құрамын тексерген Алматыдағы зертхананың сараптама қорытындысы теріс болып шықты. Ең сорақысы, дәл осы ауруды анықтайтын жалғыз зертхананың заңсыз жұмыс істеп келгені анықталды.

Тимур Қабдоллов, шаруа қожалығының басшысы:
Алматыдағы лабораторияның лицензиясы жоқ және сынама жасауға аккредитациядан өтпегені анықталды. Екіншіден «Зебра чип» бактериясының қоздырғыштарын зерттейтің ресми әдістемені игермеген. Сондықтан сот біздің пайдамызға шешім шығарды.

Өңірдегі «Зебра чип» ауруы үш бірдей шаруашылықтан анықталды. Олар өнімді Германиядан ғана емес, Франция мен Нидерланд елдерінен әкелген. Бірақ өте сирек кездесетін бактерия Германияда да, Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше елдерде де тіркелмеген көрінеді. Сондықтан павлодарлық шаруалар енді фитосанитарлық мекемені сотқа бермек.

Арман Шүйкенов,    ҚР АШМ облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
Біз Қазақстан Республикасындағы карантиндік нысандардан қорғау талаптары және тәртібі заңнамасына сай әрекет жасадық. Тұқымнан сынама алып оны Алматы тәлімбағына жібердік. Олар карантиндік зертханаға тапсырған. Біздің кінәміз жоқ.

Шаруашылық иесі Тимур Қабдоллов картоп сынамасын Ресейлік тәуелсіз екі зертханаға жіберген. Олардан тұқым таза-деген жауап келіпті. Ал, жақында Германиядан өнім жөнелткен шаруалар Қазақстанға жіберілген тауарда «Зебра чип» бактериясы жоқ-деген селекционерлердің ресми қорытындысын жолдаған.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу