«Анамның бетін әжім басты»: Жасөспірім қылмыскерлер
Қазан айының басында Ақтөбе облысының Қопа ауылында былтыр 2 қыркүйекте 14 жастағы оқушы өлімі бойынша өткен сот процесі аяқталып, үкім шыққан-ды.
Жоғары сыныптардың 6 оқушысы күдікті ретінде танылған, ал жәбірленуші - 12 бала.
Түсінікті ғой – әлімжеттік жасаған. Ұрып, өлтіріп тынды. Сот үкіміне сәйкес, үш оқушының бас бостандығы 1 жылға шектелді. Қалған үш оқушы «Денсаулыққа қасақана зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу» бабымен кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға сотталды.
Жасөспірімдерді қылмыстық жазаға тарту біздің елімізде 14 жастан басталады. Швеция 15 жастан 13 жасқа түсіруді ойластырып жатыр. Жасөспірімдердің қатыгездігі соңғы уақытта әлем жұртын ойланта бастады. Себебі олардың арасында буллинг те, зорлық-зомбылық та артқан. Тиісінше, талқы көбейді.
Тіпті биыл естеріңізде болса, Netflix «Жасөспірім» деген қатты ойлантатын сериал түсірді. Сериалды өзек етіп, көктемде арнайы материал жасағанбыз.
Иә, тәрбие, бала - ата-ана - мектеп үштігі туралы көп айтамыз. Бірақ бейнелеп айтқанда, «құлыпты ашатын кілтті» таппай отырмыз. Интернет, әлеуметтік желілер, түрлі контенттер бәрібір өз дегенін істеп отыр. Ал тыйым мен нотация мәселені шешпейді.
Сонымен елімізде қанша жасөспірім түрмеде отыр? Сөз жоқ, қолмен істегенді мойынмен көтеру керек. Бірақ... Бірақ біздің мұратымыз «Қылмыс пен жазадағыдай» Раскольниковтер қаптаған мемлекет емес ғой?
Немесе жаңа айтқан «Жасөспірім» сериалындағы өзіміздей ата-ана сияқты ішіміз өртке оранып жылағымыз келмейді...
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы