Шымкент қаласында монша атауын жамылып, жасырын жұмыс істеген ойын казиносы әшкереленді. Ойынды ұйымдастырушылар жалға алынған саунаның залына покер үстелін орнатып, диллер, кассир секілді қызметкерлерді жұмысқа қабылдаған. Әлеуметтік желіде арнайы топ ашып, ойыншыларды сол арқылы іріктеп шақыратын болған.
Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері көлеңкелі бизнес нысанының жұмысына екі апта бойына сырттай бақылау жүргізді. Казиноны әшкерелеу кезінде ойын залынан 1 миллион теңгеден астам қаржы, 247 дана фишка, ойын карталары тәркіленді. Сондай-ақ, ойынханадан арнайы лицензиясыз сатылып келген спиртті ішімдіктер де табылған. Ал, құмар ойынға еліткендердің көбі есімдері көпшілікке мәлім бизнесмендер мен кәсіпорын басшылары болып шықты.
Жалпы, жуырда ғана қайта құрылған экономикалық тергеу департаменті биыл жыл басынан бері заңсыз ойын бизнесіне қатысты 12 қылмыстық оқиғаны әшкерелеген. Оның барлығы рулетка секілді ойын түрлері. Ал, казино дерегі алғаш тіркеліп отыр.
Дәурен Тұрғынбай, Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:
- Ұйымдастырған Шымкент қаласының тұрғыны. Кінәсін мойындап, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары аяқталды. Кінәсін мойындауына байланысты сараптама жүргізіліп, бас-аяғы он күнге жетпей қылмыстық іс сотқа жолданып отыр.
Ғани ҚАЛМАХАН