Үндістанда өткен тәулікте 7,5 млн адамға вакцина тегін салыны - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үндістанда өткен тәулікте 7,5 млн адамға вакцина тегін салыны

22.06.2021

Үндістанда өткен тәулікте 7 жарым миллион ересек адамға вакцина тегін салынып, рекорд жаңартылды. Бұған дейінгі рекорд сәуірдің 5-де 4 жарым миллионнан әрең асқан еді.  Ал, премьер-министр Нарендра Моди үкіметі фармацевтикалық компаниялар өндірген вакцинаның 75 пайызын сатып алып, оны елге әрі қарай да ақысыз егуге уәде беріп отыр.

Жақында Ұлыбританияда жүргізілген зерттеу қорытындысына қарағанда, вакциналар коронавирустың ең қауіпті түрімен күрестің өзінде 90 пайыздан артық тиімділік байқатқан.

Ал, кедей елдерде вакцина таусылып бара жатқандықтан, коронавирус өршіп отыр. Мәселен, өткен аптаның өзінде Африкада «ковид» жұқтыру мен одан қайтыс болу оқиғалары 40 пайызға өскен. Ал, осы індеттің тез жұққыш әрі аса қауіпті үндістандық "дельта-штаммы" 92 елде анықталып, сегіз апта бойы азайған науқастар санын қайта көбейтуі мүмкін.

Мұны Женевада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус мәлімдеді. Оның дерегінше, жер шарының 131 еліне халықаралық Covax бағдарламасы арқылы 90 миллион доза ғана вакцина жіберілген.

Жақында «Үлкен жетілік» мемлекеттері дамушы елдерге 1 миллиард екпе бөлуге келісті. Алайда, көптеген фармацевтикалық компанияларда вакцина өндірісі кешеуілдетіп және оны жеткізу түрлі кедергілерге тап болып, талай ел коронавирусқа қарсы иньекция тапшылығына душар болып отыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу