Палестиналықтар еврей ұлтшылдарының маршына наразылық білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Палестиналықтар еврей ұлтшылдарының маршына наразылық білдірді

16.06.2021

Таяу Шығыстағы жағдай қайта шиеленісіп барады. Өткен тәулікте Газа секторы мен ИзрАиль басып алған Батыс жағалауда палестиналықтар шеруге шығып, еврей ұлтшылдарына наразылық білдірді.

Демонстранттар Израильге қарсы «Ыза күнін» жариялап, қауіпсіздік күштерімен қақтығысты. Сонымен қатар, олар көшелерге өрт қойып, Израильдің жаңа премьер-министрінің портретін өртеді. Жанжал кезінде қанша адам зардап шеккені белгісіз.

Айта кетсек, өткен тәулікте израильдік мыңдаған ұлтшыл Шығыс ИЕрусалимде марш өткізіп, Дамаск қақпасына барды. Көне қаланың бұл бөлігін Палестина өзінің болашақ мемлекетінің астанасы еткісі келеді. Оны Израиль 1967 жылғы соғыста басып алды.

Негізінен діндар еврейлер қатысқан шеруде «Израиль халқы жасасын!» деген ұрандар көтерілді. «Хамас» исламшыл қозғалысы болса, мұндай акциялардың аймақтағы өшпенділікті қайта қоздыратынын ескертіп отыр.

Осы аймақтан тағы бір мәлімет. Бүгін Израиль әуе күштері өткен айда аяқталған 11-күндік соғыстан бері Газаға алғаш рет аспаннан соққы берді. Әскерилердің сөзінше, палестиналықтар отты шар жіберіп, Израильде 20 шақты өртке себеп болғандықтан, хамастықтардың позицияларын қайта бомбалау туралы шешім қабылданған.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу